200-дей қазақстандық спортшы ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатыспақ

200-дей қазақстандық спортшы ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатыспақ

200-ге тарта қазақстандық спортшы Қырғызстанда өтетін ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуды жоспарлап отыр. Біздің құрам дүбірлі ғаламдық тартыста ең үлкен делегаттардың бірі болмақ. Қазір еліміздің сайыпқырандары халықаралық жарысқа соңғы дайындықтарын пысықтап, қамданып жатыр. Қазіргі таңда Бішкектен сайыстар ұйымдастырылатын Шолпан-Ата қаласына дейінгі жолдың жөндеу жұмыстары тәмамдалуда. Енді автомагистраль 4 жолақты болады.

ШАБДАНБЕК ИМАНҚУЛОВ ЖОЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Бірқатар мәселелер туындап, жолдың екінші қабатын толықтай төсеп үлгермейміз. Бұл өте ірі жоба. Жалпы ұзындығы 104 км. Негізгі бөлігін аяқтайтын боламыз.

ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетін басты нысан Шолпан-Ата ипподромы болады. Екі жыл бұрын ол толықтай жаңғыртылды. Ипподромның құрылысы қырғыздың ұлттық нақыштық ерекшеліктеріне сай жүргізілген. Сыртқы қас бетін әрлеу кезінде қосымша арена салынды. Енді кеңейтілген нысанда театрландырылған қойылымдардан бөлек көптеген жарыс түрлерін қатар ұйымдастыруға әбден болады. 

ЕЛАМАН МАМЫТОВ, ИППОДРОМ ДИРЕКТОРЫ:

- Ойындар басталғанға дейін Көк бөрі алаңындағы құмның бір қабатын алып тастауды жоспарлап отырмыз. Ол аттардың тұяғы батпас үшін жасалады. Есесіне тартыстар қызықтырақ өтетін болады.

Еске салайық, ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға 53 ел ниет танытып отыр. Жарыс аясында 600-ге тарта медаль сарапқа салынбақ. Халықаралық деңгейдегі доданың жалпы жүлде қоры 26 миллион сомды құрайды. Бұл шамамен $400 мың. 37 жарыс түрінің бірі боз кілемде үздік палуандар анықталатын қазақша күрестен өтпек. Сондай-ақ, спорттық тартыстармен қатар көшпенділердің тұрмыстық салтынан сыр шертетін мәдени шаралар ұйымдастырылады деп көзделген.