III Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына 1 айдан аз уақыт қалды - Kazakh TV

III Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына 1 айдан аз уақыт қалды. Оған 44-тен астам ел қатысуға ниет танытып отыр. Биыл жарыс бағдарламасында 37 спорттық сайыс бар. Олардың қатарына қырғыз күресі де енген. Дода олимпиадалық жүйе бойынша өтеді. Яғни бір рет жеңілген палуан турнирден шығады.

ЧЫНГЫЗ ЧАЛАБАЕВ, ҚЫРҒЫЗ КҮРЕСІНЕН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАНЫҢ МҮШЕСІ:

- Көшпенділер ойындары біздің елдің жастарына үлкен мүмкіндік берді. Олар Ұлттық құрамаға мүше атану үшін бар ынта-жігерлерін салуда. Өйткені әрқайсысы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуды жоспарлауда. Соңғы кездері 2014 жылмен салыстырғанда Қырғыз күресіне әлем бойынша қызығушылық жоғары.

Қырғыз күресінен Қырғызстанның ұлттық құрамасына 16 палуан енген. Қазіргі таңда олар оқу-жаттығу дайындығында. Күзде өтетін басты этно шараға әзірленіп жатыр. Шолпан ата қаласының маңындағы ипподромдағы дайындық жұмыстары да қызу. Бұл стадион халықаралық сәулет байқауларында түрлі марапатқа ие болған. Ол шетелдік туристердің де, қырғызстандықтардың да қызығушылығын тудыруда.

ИДОЯТ ЭРГЕШОВА, ТУРИСТ:

 - Әлем бойынша миллиондаған көрермендер мен қонақтардың назарын аудартатын мұндай мерекенің бар екендігі қуантады. Және де бұл шара спортшылардың басын қосады. Мұнда Ыстықкөлдің әсемдігін тамашалап, ойынға әзірліктің қалай жүріп жатқандығын көру үшін әдейі келдік.

3D графика қолданылған цирк және театрландырылған қойылымдар, от және жарық шоулары. Биыл шара барынша ауқымды әрі есте қаларлықтай болады, - дейді ұйымдастырушылар. 15 елден келетін меймандарды еріктілер қарсы алып, орындарына жайғастырады.  

ҚАНЫБЕК ҚАДЫРАЛИЕВ,  ИППОДРОМ ӘКІМШІСІ:

 - Енді көрермендердің орындары блоктарға бөлінбек. Бұл қажетті орын мен қатарды оңай табу үшін ыңғайлы. Бұдан бөлек, қырғызстандықтар мен шетелдік туристерді еріктілер қарсы алатын болады. Олар келушілерді ойындардың ашылу және жабылу салтанаты жайлы хабардар етеді.

III Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуына билеттер сатылымы басталды. Додадан 100 елдің бұқаралық ақпарат құралдары хабар таратпақ. Біздің «Kazakh TV» арнасының тілшілері де солардың қатарында.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер