Қырғызстанда III Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді

III Дүниежүзілік көшпенділер ойыны ЮНЕСКО-ның қолдауымен өтеді. Бұл халықаралық ұйымның қамқорлығымен қатар, шара барысында ЮНЕСКО логотипін қолдануға мүмкіндік береді. Нәтижесінде көшпенділердің жер-жаһандық жарысының беделі асып, көнеден сақталып келетін ұлттық спорт түрлеріне әлем назары ауады. Еске салайық, кешенді дода төрткүл дүние көз тігетін Олимпиада ойындарының баламасы саналады. Жаһандық шара алғаш рет 2014 жылы Ыстықкөлде жалауын желбіретті.

НҰРСҰЛТАН АДЕНОВ, III ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ ХАТШЫЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Көшпенділер ойындары мәдени мұрамыз бен дәстүрлі спорт түрлерінің бірегейлігін сақтап, жаңғырта түсуге өз септігін тигізеді. ЮНЕСКО-ның қолдауы біз үшін өте тиімді. Халықаралық ұйым жобаның беделін өсіріп, ары қарай дамуына кепіл болмақ. Осының арқасында әлем көшпенділер ойындарының маңыздылығын ұғынып, халықаралық қауымдастыққа пайдасы барын мойдындайтын болады.    

Бұған қоса, ат үстінде ойналатын дәстүрлі «Көкпар» тартысы ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген. Қырғызстан Президенті ЮНЕСКО істері бойынша ұлттық комиссияның жауапты хатшысымен өткен кездесуде бұл жетістік қырғыз елінің мақтанышына айналған үлкен жеңіс екендігін атап өтті. 

СООРОНБАЙ ЖЭЭНБЕКОВ, ҚЫРҒЫЗСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

– ЮНЕСКО-ның қамқорлығы дүниежүзілік көшпенділер ойындарының халықаралық аренадағы беделін арттырады. Дәл осы көшпенділер жарысында біз қырғыздың ұлттық ойыны «Көкпардың» деңгейін көтеріп, барша әлемге таныттық. «Көкпар» - көшпенді қырғыз халқының атадан-балаға мирас болып, ғасырдан-ғасырға тарап, дәстүрі сақталған көне ойын. Кезінде мен де осы ойынмен әуестенгенмін. Өте қызықты әрі тартысты ойын.  

САБИРА СОЛТОНГЕЛДИЕВА, ЮНЕСКО ІСТЕРІ БОЙЫНША ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯНЫҢ ЖАУАПТЫ ХАТШЫСЫ /ҚЫРҒЫЗСТАН/:

-  Ең алдымен біздің көкпаршыларға алғысымды білдіргім келеді. Олардың бұл ойынға деген сүйіспеншілінгісіз бұл аталымға қол жеткізе алмас едік. Көкпаршылар шалғай ауылдарда, қалаларда ұлттық ойын дәстүрлерін сақтауға қосқан үлестерінің арқасында осындай халықаралық деңгейге көтерілдік.

Еске салайық, III Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдағы қыркүйек айының 2 күні бастау алады. Тартыстар этноспорттың 37 түрі бойынша өтеді. Ойындарға 80 елден 3 мыңға тарта спортшы қатысады деп күтілуде.