Тәжікстан Қазақстанның жаңартылған энергия көздері бойынша тәжірибесін қабылдамақ

Қазақстанның баламалы қуат көздері бойынша ендірген жаңашылдықтары Орталық Азия мемлекеттеріне  үлгі. Тәжікстан біздегі жаңартылған энергия төңірегіндегі тәжірибені өздерінің жүйелеріне қабылдамақ ниетте. Осы мақсатта көршілес елдің арнайы мамандар тобы Астанада жұмыс сапарымен болып қайтты. Делегат құрамындағы парламент, салалық мемлекеттік органдар мен мекеме өкілдері Елордадағы энерготиімділік орталығының жұмысымен жіті таныс болды. Нысан энергияны ысырап етпеу қамында үнемдегіш технологиялардың негізінде салынған. Ғимараттың жылу жүйесіне жұмсалатын энергия 30%-дан  аспайды. Бұл – жылу оқшаулағыш материалдар мен күн, жел, жер қуатын пайдаланудың нәтижесі. Орталықтың  жертөлесінде орнатылған заманауи қондырғы қыста жылу, жазда салқын температура сақтауға арналған.

ДОСАН ҚҰРМАНОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРҒЫН-ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ  ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Тәжікстандық қонақтарға энерготиімділік орталығының әлеуеті толықтай таныстырылды. Ғимараттың қас бетінде орнатылған электр энергиясын өндіретін күн батареялары мен панельдер сынды фотовальтикалық құрылғылар, ыстық сумен қамтитын, жылу жүйесінде энергия үнемдейтін, жылу сақтайтын гелеоколлекторлар бір сөзбен ғимараттың қуатын сыртқа шашпайтын технологиялардың барлығы көрсетілді. 

Сондай-ақ тәжікстандық меймандар жасыл экономика мен экологиялық қауіпсіздік қағидаларына негізделген еліміздің экологиялық заңнамасымен танысты. Қазіргі уақытта шекаралас мемлекетттің үкіметі де экологиялық кодекстің жаңа заң жобасын құрып жатыр. Құжат 2019 жылдың соңына дейін қабылданбақ.   

ФАЙЗАЛИ ИДИЗОДА, ТӘЖІКСТАН ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ЗАҢНАМА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазақстан – экологиялық кодекс құрастыру бойынша тәжірибесі аса бай мемлекет. Өйткені сіздерде 2007 жылы алғаш рет арнайы заңнама еңгізілді. Оған халықаралық озық үлгідегі тәжірибелерге, Париж келісіміне негізделген 63 өзгеріс пен толықтырулар еңгізілді. Біз мұнда күн панелдерін шығарумен айналысатын зауыттың жұмысымен таныстық. Бұл өнімдердің тау-кен өндірісінде пайдалану тиімділігін іс жүзінде көрдік. Біздің ел аумағының 93 пайызын таулы алқаптар алып жатыр. Сондықтан осы тәжірибе бізге аса қызық болды.

Танымдық сапар Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының, Жасыл экономиканы қолдау Коалициясының ұйымдастыруымен өткенін айта кеткен жөн. Мақсат – Орталық Азия аумағында жасыл бастамалар мен инновациялық жобалардың аясын кеңейту.