Орталық Азия елдері мемлекеттік қызметті реформалау саласында күш біріктіруде. Аймақ елдеріне мұндай мүмкіндікті мемлекеттік қызмет саласындағы Астана хабы ұсынып отыр. Хаб алаңы арқылы тараптар бір-бірімен бұл саладағы өз тәжірибелерімен бөлісе алады. Саладағы соңғы жетістіктер хабтың жыл сайынғы конференциясында ұсынылды. Оған 40 елден 200-ге жуық қатысушы жиналған болатын. Сондай-ақ мұнда АҚШ және Орталық Азия елдерінің мемлекеттік қызметкерлерінің еңбекақы төлемінің трендтері сөз болды.

ӘЛИХАН БӘЙМЕНОВ, АСТАНАДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ХАБЫНЫҢ БАСҚАРУШЫ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Шара тұрақты даму кезеңінде мемлекеттік қызметті жетілдіруге арналған. Сіздер білетіндей, Бас Ассамблея Тұрақты даму мақсаттарын қабылдаған болатын. 17 мақсаттың бірі – Мемлекеттік басқару сынды институттарды дамыту. Заманауи мемлекеттік қызметтің трендтері қатарында мамандарды іріктеуге ерекше көңіл бөлу болып отыр. Өйткені көптеген нәрсе қызметкерлерге байланысты. Сондықтан әлемде кадр қызметі, HR бөлімдер үлкен маңызға ие. Біз де осы мәселеге аса ден қойып отырмыз.

Астана хабының басты міндеті – мемлекеттік қызметті жетілдіру ісінде үкіметке қолдау көрсетіп, тиісті зерттеулер жүргізу. Тығыз байланыс нәтижесінде жұмыста қолдануға болатын жаңа әдістемелер пайда болады.

РАДЖАБМУРОД ТОЛИБОВ, ТӘЖІКСТАН ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ АГЕНТТІГІ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - Тәжікстан – Астана хабының мүшесі. Сондықтан осы хаб аясында біз түрлі зерттеулерге қатысамыз. Бірлескен зерттеулер мемлекеттік қызмет, адам ресурстарын басқару, мемлекеттік қызметтерді ұсыну мен мемлекеттік қызметшілердің жалақысын зерттеуге арналады.

АЛМАЗ НАСЫРОВ, ҚЫРҒЫЗСТАН ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ РЕКТОРЫ:

 - Хаб мемлекеттік қызмет менеджментінің меритократия сынды үздік тәжірибесін енгізіп отыр. Қырғызстан әкімшілік-аумақтық жүйені реформалау, экономиканы цифрландыру және адам капиталы әлеуетін дамыту салаларындағы тәжірибесімен бөлісе алады.

Астана хабын 25  мемлекет пен 5 халықаралық ұйым құрған болатын. Қазіргі таңда оған Солтүстік, Оңтүстік Америка, Еуропа, Кавказ және Орталық Азиядан 40 ел мүше.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер