Орталық Азия елдері: Климаттың өзгеруі

Ауа райының күрт жылуы жаһандық мегатренді Орталық Азия кеңістігіне айтарлықтай қауіп-қатер ала келуі мүмкін. Сарапшылардың пайымдауынша, Еуразия төңірегіндегі 5 ел климаттың өзгеруінен жапа шегуі ықтимал. Бірінші кезекте ауа райының тылсым мінезі ауыл шаруашылығының дамуына кері әсерін тигізеді. Қуаңшылық орын алып, салдарынан азық-түлік қауіпсіздігін сақтау қиынға соқпақ. Өзен-көлдердің тартылуы кесірінен энергетикалық сектор әлсіреп қалуы ғажап емес дейді мамандар. Бүгінгі таңда көптеген елдер су көздеріне тәуелді, себебі қуаттың негізгі бөлігін  гидроэлектрстанциялардан өндіреді. Сондықтан Орталық Азия мемлекеттері қолайсыз ауа райына қарсы күш біріктіріп, жұмыла әрекет жасауға кірісіп кетті. Бұл бағытта құрылған аумақтық мемлекетаралық экологиялық орталық түткілдің түйінін тарқатуда өз септігін тигізбек. Оның мақсаты қоршаған ортаны қорғау саласында табиғи таза әдіснамалар мен экологиялық иновацияларды ендіру бойынша тәжірибе бөлісіп, пікір алмасу. Орталық өңірдегі 5 елдің үкіметтік органдары мен мемлекеттік емес секторын біріктіруші алаңға айналдырды. 

ЖАННА БАБАҒАЛИЕВА, АМЭО «КЛИМАТТЫҢ ӨЗГЕРУІ ЖӘНЕ ТҰРАҚТЫ ЭНЕРГЕТИКА» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ МАМАНЫ :

─ Бүгінгі таңда ауа райының өзгеруін айғақтайтын бірқатар факторлар байқалады. Бұл бірінші кезекте – табиғи апаттардың жиілей түсуі. Сел тасқындары, су басу мен құрғақшылық үрдістерінің өсіп келетіні адамзатты алаңдатады. Сондай-ақ сарапшылардың бағалауынша, алдағы 10-15 жылда ауа райының температурасы жоғарылайтын болады. Аймақта шамамен әлемдік орташа деңгейден асады деп болжануда. БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, келесі 10-15 жылда Орталық Азия кеңістігіндегі кей елдерде су тапшылығы сезілетін болады.   

Климаттың өзгеруіне қатысты түрлі сараптамалық болжамдарға сәйкес 2030-2050 жылдары  Орталық Азияда ауа райы 1-3 °C-қа жылитын болады. Осыған орай аймақтың экологиялық орталығы Арал теңізінде орын алған қолайсыз ауа райының салдарын жеңілдетіп, бейімдеу үшін арнайы бағдарламаны жүзеге асырып жатыр. «CAMP4ASB» жобасы дүниежүзілік банктің қолдауымен 2016 жылдан іске асырылуда. 2021 жылға дейін арналған бағдарлама бұл сын қатердің алдын алу үшін салаға заманауи озық үлгідегі технологияны ендіруді көздейді.

ЖАННА БАБАҒАЛИЕВА, АМЭО «КЛИМАТТЫҢ ӨЗГЕРУІ ЖӘНЕ ТҰРАҚТЫ ЭНЕРГЕТИКА» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ МАМАНЫ:

─ Біз арнайы сауалнамалар, зерттеулер жүргізудің нәтижесінде  климаттың өзгеруіне қарсы Орталық Азия елдеріне қалай қорғанып, қандай ақпараттық өнім қажет болатынын анықтадық. Сондай-ақ аймақтағы гидрометеорология саласын жаңғыртып,  қызметтерінің мәліметтерін жинастырып, жұмысын жетілдіре түсудің жолдарын қарастырдық. Осыған орай гидрологиялық, климаттық модельдеу, нақты бағалау сынды қызметтерді дамыту үшін арнайы оқыту бағдарламаларын құрып қойдық. 

Климаттың өзгеруін оңтайландырып, бейімделу үшін парниктік газдардың шығуын төмендету қажет дейді, мамандар. Айта кетелік, өңірдегі 5 елдің барлығы да қоршаған ортаны ластауды азайту қамында міндеттемелер алып Париж келісімін жасасқан. Аймақ мемлекеттері «жасыл экономикаға» көшу, энерготиімділік пен ресурс үнемдеу, баламалы қуат көздерін дамытуды қолға алды. Бұл жаһандық деңгейдегі ауа райының тылсым құбылысын жеңілдетуге сеп болмақ.