Су ресурстары саласындағы өзара тиімді ынтымақтастық Орталық Азия елдеріне жылына 4 миллиард АҚШ доллары көлемінде кіріс әкелуі мүмкін. Сонымен бірге өңірлік ынтымақтастықты нығайту өзекті экологиялық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Ташкентте өткен Орталық Азия халықаралық экологиялық форумында айтылды. Биыл екінші рет ұйымдастырылған жиынға Ауғанстан да қосылды. Алқалы кездесуде Аралды құтқару шаралары мен Қазақстанның теңізді қалпына келтіруге арналған бағдарламалары сөз болды. Форумға қатысушылар еліміздің теңіз түбіндегі тұздың тарауына тосқауыл болатын сексеуілді қолдан егу мәселесі мен  «жасыл экономикаға» көшуін де қолдады.

ҚҰРАЛАЙ КӘРІБАЕВА, ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ОРНЫҚТЫ ДАМУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бүкіл мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар, халықаралық ұйымдар және донорлар бірлесе отырып іс жүргізгенде ғана, еңбектің нәтижесін көруге болатынына көз жеткізді. Сондықтан Қазақстан бүкіл Орталық Азия ішінде осы мәселеде көшбасшы болып саналады.

Табиғи тепе-теңдікті сақтау мен жаңартылған энергия көздерін өндіру және қатты тұрмыстық қалдықтарды жою – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Өйткені ғалымдардың келтірген мәліметіне сүйенсек, жер бетінде жиналып қалған пластикалық ыдыстардың қалдығы 300 мың тоннадан асып жығылады екен.

ЗУЛФУХАР ЖОЛДАСОВ, ҚР ЭКОЛОГИЯЛЫҚ РЕТТЕУ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қайта өңдеуді 40 пайызға жеткізу жөніндегі ілкімді жобамыз бар. Қазір тіпті сол қалдықтарды жерге көмуге тыйым салуға байланысты  экологиялық кодексте бірқатар өзгерістер енгізілді. Белгілі бір тауарлар импортталған кезде, мысалы көлік пен доңғалақтар тағы басқа тауарларға төлем міндеттемелерін кеңейту сынды жеңілдіктер қарастырылған. Бұл қаржы қайта өндіру саласын ынталандыруға жұмсалады.

Биыл Ғаламдық экологиялық қор Орталық Азия елдеріне 2 миллиард АҚШ доллар қаржы бөліп отыр. Ол жерді тиімді пайдалану мен тозудан сақтауға бағытталмақ. Өзбекстан өз кезегінде барлық мемлекеттердің мүдделерін ескере отырып, Әмудария мен Сырдария су ресурстарын пайдалану жөніндегі конвенцияны жандандыруды ұсынды.

ШАХ ЗАМАН МАЙВАНДИ, АУҒАНСТАННЫҢ ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ АГЕНТТІГІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Климаттың жаһандық өзгерісі, құрғақшылық пен ыстық ауа райы фермерлерге кері әсер етіп отыр. Жерлеріміз таулы болғандықтан, аптапты ыстықта су болмаса, көкөніс қурап кетеді. Соныдықтан біз суды үнемдеуді білеміз. Негізі экономиканы экологиядан бөліп қарамауымыз керек. Сонда ғана тепе теңдік болады.

Табиғи тепе-теңдіктің бұзылуы жаһандық жылыну үрдісін жылдамдатуда. Осыған байланысты, мамандардың бағалауы бойынша, 2050 жылға қарай  ағын суға деген сұраныс 30% артады. Сондықтан су ресуртарын тиімді пайдаланып, заманауи технологияны көбірек ендіру бағытында күш біріктіру маңызды, дейді сарапшылар.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер