Энергия мен суды пайдаланудың өсімі, қалдықтардың артуы, климаттық өзгерістер. Аталмыш жаһандық экологиялық сын-қатерлерді шешу үшін Орталық Азия елдері жан-жақты әріптестікті нығайтпақ.

ЗУЛФУХАР ЖОЛДАСОВ, ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ РЕТТЕУ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ  КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біз көптеген жаһандық мәселелер бойынша халықаралық қауымдастыққа еніп отырмыз. Атмосфера, парниктік газдар, су, биологиялық саналуандық, қызыл кітаптағы жануарлардың көші сынды мәселелер бойынша тиісті келісімдер бар. Жұмыс жүргізілуде. Тәжірибе алмасып жатырмыз.

Аймақ елдері су ресурстарын басқару мәселесіне баса назар бөліп отыр. Мәселен, Қазақстан-Қырғызстан әріптестігі аясында құрылған арнайы жұмыс тобы Шу-Талас бассейнінің суларын зерттеуде.

ИНДИРА АҚБОЗОВА, ҚАЗАҚСТАН-ҚЫРҒЫЗСТАН ҮКІМЕТАРАЛЫҚ СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КОМИССИЯСЫ ХАТШЫЛЫҒЫНЫҢ  ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Қазіргі таңда біз тек судың көлемін ғана емес, сапасын да арттыруға бағытталған жұмыс атқарудамыз. Қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруіне бейімдеу мен ұзақмерзімді іс-қимыл бағдарламалары бойынша жұмыс топтары құрылды. Шу-Талас комиссиясының тәжірибесі өзге де трансшекаралық әріптестік үшін үлгі бола алады деген ойдамын.

Қоршаған ортаны қорғау бойынша аймақтағы тығыз қарым-қатынастың тағы бір дәлелі – дәстүрлі Орталық Азия экологиялық форумы. Биыл ол Ташкент қаласында өтпек. Жиынға 250-ден астам делегат қатысады деп күтілуде. Аймақ елдері, Еуропа, Азия мемлекеттері мен БҰҰ құрылымдарының мамандары келмек.

САИДИКРАМ НИЯЗХОДЖАЕВ, ӨЗБЕКСТАННЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ: 

 - Басқосуда бірқатар шараларды ұйымдастыру көзделуде. Пікір алмасу, қаржыландыру көздерін іздеу, жобаларды ірі компаниялардың қатысуымен жүзеге асыру сынды мәселелер қаралмақ. Бұдан бөлек, тұңғыш рет экологиялық технологияларға арналған көрме өткізілетін болады.

ЗУЛФУХАР ЖОЛДАСОВ, ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ РЕТТЕУ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ  КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Экология бағыты бойынша  су, тұрмыстық қалдықтар, атмосфераға байланысты түрлі жобалар жүзеге асырылды. Бұл жиынның арқасында біз Орталық Азия аймағындағы шекараларға қарамастан, өңірдің экологиялық жүйесін толықтай зерттей аламыз деген сенімдемін. Барлық бағыттар қамтылатын болады.

Аймақта ноу-хауды енгізіп, инновациялық экологиялық әдістемелерді қолдану ісінде елдерге Орталық Азиялық экологиялық орталық сеп болады.

ШЫНАР ТОЙЛЫБАЕВА, ОА АЙМАҚТЫҚ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОФИСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ

 - Біз трансшекаралық су, климаттың өзгеруі бойынша әріптестік орнаттық. Париж келісімі аясында өзге елдерге де қолдау көрсетеміз. Сондай-ақ энергия тиімділігі, жасыл экономика және қоршаған ортаны қорғау саясаты бойынша көршілес елдермен байланысымыз нығаюда.

Қоршаған ортаны қорғау жұмысын әлдеқайда тиімдірек ету үшін Орталық Азия елдері әлемдік ғалымдар мен эколог мамандарды тартуды көздейді. Осылайша, халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, аймақтағы мәселелерді шешу жоспарланған. Алдағы уақытта аймақта су ресурстарын тиімді пайдалану стратегиясын жасау, өнеркәсіптік ауқымда тамшылап суару жүйесін енгізу, баламалы энергия көздеріне көшу бағытындағы жұмыстар қыза түспек.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер