Қазақстан-Қырғызстан: Фитосанитарлық бақылау

Қазақстанның Қырғызстанмен шекарасында импорттық өнімнің сапасын тексерудің жүйесі жолға қойылмақ. Осы мақсатта қызмет ететін фитосанитарлық бақылау бекеттері еліміздің аумағына талапқа сай ет өнімдерін өткізуге мүмкіндік береді. Бұл бастаманы қырғыз тарапы да қолдап отыр.

ТОЛОНБЕК ЫРЫСАЛИЕВ, ШЕКАРАЛЫҚ ВЕТЕРИНАРЛЫҚ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

 - Егер біздің мал дәрігерлік бекетіміз болса, біз экспортқа шығатын азық-түлік өнімдерінің талапқа сай екендігін шекарада тексеріп, өнім шығаратын кәсіпорынның реестрде тұрған-тұрмағанын анықтайтын боламыз. Бұл бізге тиімді.

Әзірге қазақстандық сарапшылардың Қырғызстандағы мал жағдайының жақсаруына көзі жетпейінше, мал дәрігерлік бекеттер жұмысын жалғастыра бермек. Ал Қырғыз үкіметі қолға алынып жатқан жұмыстар экспортқа шығатын өнімдердің сапасын қосымша тексеруден өткізуге мүмкіндік беретінін айтады. 

ҚАЛЫСБЕК ЖҰМАҚАНОВ, ҚЫРҒЫЗСТАН МЕМЛЕКЕТТІК ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бұл мәселелер өзара тығыз байланысты, сондықтан Еуразиялық экономикалық одаққа серіктес-мүше елдер біздің жүйемізді баламалы жүйе ретінде тану үшін жұмыс істеп жатырмыз, сондықтан, қазіргі бақылау бекеттерін әлі де біраз уақыт пайдалануымыз қажет.

Қазақстанның оңтүстік аймақтары эпизоотиялық қолайлы аймақ мәртебесіне ие болды. Бұл үшін тыңғылықты жұмыстар атқарылған болатын. Осындай қолайлы жағдайды сақтау үшін ең алдымен мал дәрігерлік бекеттер қажет екені айдан-анық. Қырғызстан да Халықаралық эпизоотиялық бюроға өтініш берді. Рұқсат қағазын алу үшін 46 тармақтан тұратын кешенді тексеру жүргізіледі. Ендігі қадам – Еуразиялық экономикалық одақтың талаптарына балама ретінде жергілікті фитосанитарлық жүйені тану. Содан кейін ғана жергілікті ет өнімдері еуразиялық нарыққа еркін жіберіледі.