Орталық Азия елдерінің төтенше қызметтері күш біріктіруде

Орталық Азия елдері техногендік және табиғи апаттардың алдын алу мен олардың салдарын жою бойынша күш біріктіреді. Алматыда Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан және Қырғызстан мемлекеттерінің төтенше қызметтерінің басшылары бас қосты. Жалпы саны 80 миллионнан астам халық тұратын Орталық Азия мемлекеттерінде болатын табиғи әрі техногендік апаттардың сипаты ұқсас. Сол себепті осы салада ақпарат пен тәжірибе алмасудың маңызы зор. Трансшекаралық жерлердегі табиғи қауіп-қатердің ықтималдығын болжау мен стратегиялық нысандарды салуда, инженерлік жүйелерді жүргізуде жан-жақты мәлімет бөлісу қажет. Жиын соңында тараптар табиғи апаттардың алдын-алу және төтенше жағдай орталығында Аймақтық форум хатшылығын құру жөніндегі құжатқа қол қойды.  

ЮРИЙ ИЛЬИН, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Осы жиында біз аймақта болуы мүмкін табиғи апаттардың салдарын жоюда бірігіп іс-әрекет ету жолдарын қарастырдық.