Астанада «Eurasian Book Fair – 2018» кітап форумы өтті

Орталық Азия аймағының кітап нарығы қарқынды дамып келеді. Баспа ұйымдарының өндіріс көлемімен қатар өнім аталымдары еселене түскен. Бұған «Eurasian Book Fair – 2018» сарқылмайтын рухани азық қорының форумында  көз жеткізуге болады. Қазақстанның бас шаһарында өткен шара әлемнің 18 елінен 150 кітап шығару ұйымдары өкілдерінің басын қосты. Еуразия кеңістігіндегі халықаралық кітап көрмесі-жәрменкесінде Өзбекстан елінің 10 баспаханасы 2 мыңнан астам төл өнімін ұсынды. Олардың кітаптары безендірілуі жағынан ерекше.

СОБИР ШУКУРОВ, ӨЗБЕКСТАН ДЕЛЕГАЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - 2018 жыл – Қазақстанда Өзбекстан жылы деп жарияланған болатын. Осыған орай аталмыш форумға біз ерекше дайындалып келдік. Қазір жоғарғы технологиялар дамыған дәуір. Дейтұра газет, кітаптар – білімнің қайнар көзі болып қала береді. Баспа ісі де заман ағымына сай жетіліп, түрлі баспа өнімдері көбейіп келеді. 

МУХТАРМА МУРАТОВА, ӘЛІШЕР НАУАИ АТЫНДАҒЫ ӨЗБЕКСТАН ҰЛТТЫҚ  КІТАПХАНАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Бұл көркем әдебиет, танымдық ғылыми бағыттағы және тарихи маңызы бар кітаптар. Менің ойымша, мұндай шаралар екі ел мәдениеті мен рухани құндылықтарын ұштастырып, халықтар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайта түсуге сеп болады.

Тәжікстандықтар да халықаралық көрмеге көпшілік назарына елдегі ең құнды деген кітап басылымдарын ұсыну үшін келгендерін айтады. Олар көршілес ортаазиялық елдердегі әріптестерімен тығыз қарым-қатынас орнатуға ниетті.

ИКРОМИ СИРОДЖИДДИН, ЖАЗУШЫ /ТӘЖІКСТАН/:

 - Біз көрмеге үздік деген 50 кітап пен газет-журналдарды іріктеп әкелдік. Бұл шара өзге көршілес елдердегі әріптестерімізбен тәжірибе алмасу үшін маңызды. Белорусь, Қазақстан және Өзбекстан елдерінің баспагерлерімен кездестік. Болашақта әріптестігіміз нығая түседі деген сенімдемін.

Аймақ елдерімен Ресейлік баспа орталықтары да әріптестік орнатуға мүдделік танытып отыр. Бұл орайда тәжірибе жоқ емес, бар. Бүгінде мәскеулік танымал басылымдардың бірі өңір жазушыларының еңбектерін орыс тіліне аудару ісімен айналысып жүр.

АЛЕНА ХАРИТОНОВА, БАСПАХАНА ӨКІЛІ/РФ/:

 - Біздің баспахана мұқабасы былғарымен қапталған кітаптар шығару ісімен айналысады. Бұл әлемдік кітап басылымдарының дәстүрлі өнері. Көне кітап шығару кезеңінен бері қалыптасқан дәстүрді біз қайта жаңғыртқымыз келеді. Мұның ортақ ісімізді жетілдіруде маңызы зор деп ойлаймын.

Сарапшылардың айтуынша, заман талабына сай электронды оқу құралдары дамығанымен, кітап басу ісі кенжелеп қалған жоқ. Керісінше, соңғы кездері басылым өніміне деген сұраныс арта түскендігі байқалады. Есесіне түрлі жанрдағы ғылыми еңбектерден бастап, әдеби туындылардың саны өсіп келеді.