Орталық Азия кеңістігінде тұңғыш рет жаңартылатын қуат көздерінің аукционы ұйымдастырылмақ

Орталық Азия кеңістігінде тұңғыш рет жаңартылатын қуат көздерінің аукционы ұйымдастырылмақ. Осындай бастаманы Қазақстан Республикасы қолға алып отыр. Энергия таратқыш нысандардың қызмет құнын төмендетуді көздейтін шара мамырдың 23 күні өтеді. Аукционның ашық болуының қамында қуат көзінің тарифінің ұсыныстары электронды жүйе арқылы жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде бағасы қалта қақпайтын әрі сапа жағынан тиімді жоба таңдалады.

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

 - Жаңартылатын қуат көздерінің ұтымды жобаларын іріктейтін аукцион жүйесін ендіретін боламыз. Үстіміздегі жылдан бастап жаңа жүйе бойынша 1 гигаваттқа дейінгі электр энергиясының бағасын реттеу үшін бірнеше аукцион ұйымдастыруды жоспарлап қойдық. Жеңімпаздармен  баламалы қуат көздерінен бірыңғай бекітілген бағамен энергия сатып алу құқығын беретін 15 жылға келісімшарт жасасады.

Жаңа аукцион жүйесін құру үшін Қазақстан бұл нарықта көш бастап келетін Біріккен Араб Әмірлігі, Сауд Арабиясы, Чили мен Мексика елдерінің тәжірибесін зерделеді. Мәселен, Мексикада өткен осы текті шарада электр қуатының рекордттық төмен деңгейдегі құнына қол жеткізілген. Ондағы 1 килаваттқуат көзі 1,7 центке дейін арзандапты. Қазақстанның да көздегені осы.

ЕРЖАН МӘДИЕВ, «КОРЭМ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Қазақстанға жаңартылатын қуат көздерін таратуға ниеттілер көп. Бірқатар шетелдік инвесторлар өз қызметтерін ұсынып отыр. Олар қызығушылықтарын білдірді. Көбінесе Түркия, Еуропа елдерінен келеді. Сондықтан баламалы қуат көздеріне қатысты айтар болсақ,  таңдау бар. Оңтүстік өңірге негізінен күн энергиясы, солтүстікке жел қуаты қажет. Су және био станцияларға да тапсырыс жасадық. Аукцион 3 өңірде өтеді. Олар Шығыс, Оңтүстік және Солтүстік Қазақстан облыстары.

Қазақстанда баламалы қуат көздерінің аукционы жылына 2 рет дәстүрлі түрде өткізіп тұру көзделуде. Көктемде кіші жобалар қаралса, күз мезгілінде 50 мегаваттық қуат көздерінің электрондық саудасын ұйымдастыру жоспарланған. Осы арқылы ел аумағына шетелдік инвесторларды тартып, саланың әлеуетін арттыру мақсаты тұр. Бұл орайда, Қазақстанда 2050 жылға дейін баламалы қуат көздерінің үлесін 50% жеткізу межеленгенін айта кеткен жөн.