Ташкентте қолөнер шеберлерінің арт-фестивалі өтті

Шығыстың қайталанбас қолөнері, халықтық және заманауи сәндік бұйымдар. Өзбекстанның 14 облысының шеберлері Ташкентке жиналды. Онда ағаштан жасалған бұйымдар, бейнелеу мен кескіндеме шығармашылық композиция және қолданбалы өнер коллекциялары қойылды.

АШУРМАТ МАМАСАЛИЕВ, СУРЕТШІ-ШЕБЕР:

 - Бізге бұйым жасауда ешқандай құрал-сайманның қажеті жоқ. Бес саусақтың өзі таптырмас аспап. Топырақтың өзі алтын, одан жасалған бұйымдар да алтыннан кем болмайды. Бұлардың барлығы  ата-бабадан мұра болып келе жатқан дүниелер. Ұлттық құндылығымызды көрсететін бұйымдар.

Ташкенттегі дизайн колледжінің тәлімгерлері ерекше дайындықпен келіпті. Қолының қиюы бар ұстаздан тәлім алып жүрген шәкірттер ағаш бұталарына өздері жасаған  ірілі-ұсақты қыш құмыраларын ілген.

ЗУФАРБЕК НАБИЕВ, ТӘЛІМГЕР:

 - Құмыраны жасаған кезде көбіне сыртқы келбетіне мән береміз. Оның аузын жіңішке және ұзын етіп шығару үшін көп еңбек ету керек. Егер сыртқы пішінін өзгерткіңіз келсе, бастапқы нобайын дұрыс жасау керек. Сонда құнды дүние шығады.

Фестивальға Ташкенттегі мектеп оқушылары да қатысып, сурет салды. Шеберлер көрмені тамашалай келген жұртқа ұсталық өнердің қыр-сырын көрсетіп, тіпті кейбірінің мүсінін жасады.

САДБАРОЙ ЮЛДАШЕВА, ДИЗАЙНЕР:

 - Шығарманы орындамас бұрын, оның нобайын қағазға сызып аламыз. Сосын сол композицияға қарап, жіптерді дайындап, қажетті құралдармен тоқимыз.

Жәрмеңкеде көпшілік ұлттық қолөнермен қатар қазіргі заманғы өнер мен театр синтезін көруге мүмкіндік алды. Яғни жаңа өнер иелері әр түрлі ырғақта билеп жүріп, бояуларды шашу арқылы сурет салынады. Бояулар айқыш-ұйқыш шашылса да, оның көркі еріксіз көздің жауын алады. Жалпы, фестивалде өзбекстандықтардың атадан балаға мұра болып жалғасып келе жатқан қайталанбас ұлттық өнері дәріптелді.