Ұлы Абайдың шығармалары өзбек тілінде

Ұлы Абайдың шығармалары өзбек тілінде

Ұлы Абайдың шығармалары өзбек тілінде. Өзбекстандағы Зеңгі ата ауылындағы мектепте 200-ден астам бала оқиды. Олар үш тілде білім алады. Шығыс шайырларын жатқа білетін бауырлас елдің жастары қазақ ақынының өсиет сөздерін қазірдің өзінде жатқа айтады. Аптасына екі сағат Абайдың өзбек тіліне аударылған шығармаларын оқиды. Түркі жұртының өткені мен келешегін поэзия тілімен өрнектеген ақынның шығармалар жинағы білім бағдарламасына енгзілуі құптарлық іс.

ХУРШИДА ИСМАИЛОВА, ӨЗБЕК ТІЛІ ЖӘНЕ ӘДЕБИЕТІ ПӘНІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ:

 - Бұл екі мемлекет үшін де жақсы деп ойлаймын. Өйткені Әлішер Науаиды қазақтар үйреніп жатқанда, біз неге Абайды оқымаймыз? Жастарымызға  Абай Құнанбаевтың құнды дүниелерін жан-жақты түсіндіріп, шығармаларымен жақынырақ таныстырып, өсиет сөздері мен мұрасын үйретсек ұтарымыз көп болады.

Өзбекстан мен Қазақстан арасында мәдени байланыс нық орнаған. Оған наурызда Өзбекстан Президенті Абайдың шығармашылық мұрасын кеңінен зерттеп, насихаттау туралы жарлыққа қол қойғаны дәлел. Бүгінде Өзбекстан Жазушылар Одағының мүшелері Абай оқулықтарын аударуды мықтап қолға алыпты. Ғалымдар ақынның бір томдық таңдамалы шығармалар жинағын туған күніне дейін шығаруды көздеп отыр. Тіпті  ғылыми топ Абайдың туған жерінде де болып қайтпақ.

МЕХМОН ИСЛОМХАНОВ, ӨЗБЕКСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ КЕҢЕСІНІҢ ЖАУАПТЫ ХАТШЫСЫ:

 - Біз Абайдың жаңа қырын ашып көрсетуге тырысып жатырмыз. Абайдың өр мінезі мен қайратты руһы, өз халықның болашағы үшін күйіп-жанып жазған шығармалары бүгінгі жастардың бойына жігер береді. Ұрпақ санасын байытады. Біз өткенді қадірлесек қана келешекке жаңа күшпен руһани бай болып жетеміз.

Абайдың әлем әдебиетінде алар орны ерек. Ақын халықтар достығын жырға қосты. Оның шығармашылық мұрасы қазақ халқының ғана емес, барша түркі жұртының рухани даму тарихында өшпес із қалдырды.