Қазақстан мен Түркменстан экономикалық ынтымақтастықты нығайтуды көздеп отыр. Әсіресе шекаралас орналасқан аймақтардың серіктестік байланыстарын күшейту қарастырылған. Бұл туралы екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен өткен бизнес форумда айтылды. Мысалы, Қазақстанның Маңғыстау облысы мен Түркменстанның Балқан уәлаятының ұқсастығы көп. Екі аймақта да мұнай-газ және химия өнеркәсібі жақсы дамыған, әрі екеуі де көлік-логистикалық хаб болып табылады. Қос өңірді өзара теңіз, теміржол және автокөлік жолдары байланыстырады.

ЕРАЛЫ ТОҒЖАНОВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Қыркүйек айында Кендірліден Түркіменстан шекарасына дейін 164 шақырымдық жолдың құрылысы басталады. Бұл қос мемлекет арасындағы алыс-беріс пен барыс-келістің дамуына жаңа серпін беруі керек. Порттар арасындағы байланыс та екі арадағы байланыстың нығаюына әсер етеді.

Қазақстан мен Түркменстанның шекаралас өңірлерінің байланысын нығайтуды көлік инфрақұрылымының маңызы зор. Мысалы, жаңа автожол құрылысы екі ел арасында трансшекаралық сауда аймағын құруға, нәтижесінде өзара тауар айналымын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Атап өтерлігі, мамыр айында Түркменбашыда II халықаралық сауда порты ашылады. Ол жерден Қазақстан бағытында жүк тасымалы жүзеге асады.

САТЛЫК САТЛЫКОВ, БАЛҚАН УӘЛАЯТЫНЫҢ ХАКІМІ /ТҮРКІМЕНСТАН/:

 - Біздің де, сіздердің де порттарыңыз екі арада және үшінші елдерге жүк тасымалдауға лайықталып салынған. Сонымен қатар Қиялы ауданында гео-химиялық кешен, Қарабогаз ауылында карбамид зауыты салынып жатыр. Міне, сол зауыттардың өнімдерінен бастаймыз деп отырмыз.

Бизнес-форумда талқыланған тағы бір мәселе – Қазақстан, Түркменстан мен Иранды жалғайтын халықаралық теміржол желісімен жүк тасымалын арттыру. Қазірдің өзінде осы жолмен Қытайдан транзиттік жүк тасымалданады. Екі ел іскерлері қол қойған келісімдер Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан осы жол тармағын барынша пайдалануды көздейді.

Бұдан бөлек, Маңғыстау облысында логистикалық орталықтар құрылады. Ол кешендер арқылы түркмен кәсіпкерлері жеміс-көкөніс өнімдерін экспортқа шығара бастайды.

НҰРБЕК ҚАРАСАЕВ, «АТАМЕКЕН» ҰКП МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША БАСШЫСЫ:

 - Бұл біз үшін де тиімді. Біріншіден, өзіміздің экспорттық әлеуетімізді ұлғайтып, екіншіден ішкі нарықтағы жетіспеушілікті жабуға мүмкіндік туады.

Атап өтерлігі, Маңғыстау облысы Түркменстанның Балқан уәлаятымен құрлықта да, теңіз арқылы да шектесіп жатыр. Былтыр көрші аймақтар арасындағы тауар айналымы 4 жарым миллион доллардан асқан. Айта кетейік, бүгінде Маңғыстауда түркмен кәсіпкерлерінің қатысуымен төрт бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Алдағы уақытта өндіріс орындарының саны арта түседі.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер