Орталық Азия елдерінің экологиялық жобалары

Орталық Азия елдері қоршаған ортаны қорғау және тұрақты даму саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды көздеп отыр. Республикалар биоалуандылықты сақтауға, шөлейттену мен қуаңшылықпен күресуге және Арал теңізін қалпына келтіруге айрықша назар аудармақ. Мамыр айында Қазақ ұлттық географиялық қоғамы Аралдың әлеуетін тағы бір зерттемек. Отандық ғалымдар Солтүстік және Оңтүстік Аралға ерекше көңіл аударуды көздеп отыр. Жеті мың шақырым жолды артқа тастайтын экспедицияға гидробиологтар мен тарихшылар, картографтар аттанады. Мұндай ғылыми сапар бұдан бұрын да ұйымдастырылды, экспедиция мүшелері Кіші Аралды зерттеген еді.

НҰРЖАН АЛҒАШОВ, QAZAQGEOGRAPHY ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫСТАР БӨЛІМІНІҢ МЕНЕДЖЕРІ:

 - Ең басты мақсатымыз бұл экспедицияның - бұл Арал теңізі суының зерттеу. Шекаралас Өзбекстан мемлекетіндегі Оңтүстік аралдың да, біздің Солтүстік Аралдың да суын зерттеу. Ол химиялық, ластығын, қышқылдығын және фитопланктонның қанша бар екенін зерттеу. Сол үшін экспедиция қатарында Назарбаев Университетінің гидробиолог ғалымдары барады.

Ал Қырғызстан экологтары орман сақтау шараларын жүзеге асырып жатыр. Ел аумағындағы ормандардың азаюынан экологиялық жүйе ментабиғи тепе-теңдік бұзылып, өзен-сулардың табаны көріне бастады. Сирек кездесетін жануарлардың саны күрт азайып, өсімдіктердің тіршілігі жойылып жатыр. Айта кетейік, осыдан 150 жыл бұрын Қырғызстан аумағының 15 пайызын орман алып жатқан еді. Сол кездерде қалың ну жергілікті экологиялық жүйені тұрақтандырып, адамдардың, аң-құстар мен өсімдіктердің жайлы тіршілігін қамтамасыз етті.

ЭМИЛЬ ШУКУРОВ, ЭКОЛОГ:

 - Орманға көңіл бөліп, жағдайын реттесек, жайылымдарымыз да жақсарар еді. Көлдердің, өзен мен бұлақтарымыздың жағдайы түзелер еді. Сонда ғана біз Қырғызстанның экологиялық таза, жұмаққа тән атағын қайтара аламыз. 

Осы секілді экологиялық мәселеге жұрт назарын аудару мақсатында Бішкекте «Таулы орман» атты тұңғыш республикалық форум өтті. Бұл шара - «Жаңа дәуірге қырық қадам» атты мемлекеттік бағдарламаның бір бөлігі.