Орталық Азия елдері Жібек жолы бағытындағы турларды бірлесе жүзеге асырмақ

Орталық Азия елдері Жібек жолы бағытындағы турларды бірлесе жүзеге асырмақ. Қазіргі таңда Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Түркіменстан елдерінің құзырлы мекемелері бұл іске білек сыбана кіріскен. Орталық Азия елдерінің бірлескен жобалары Алматыда өткен ірі туристік жиында талқыланды. «Туризм және саяхат» көрмесіне 40-тан астам елден 500-ге жуық қатысушы жиылды. Шарада Қазақстан өңірлері, Орталық Азия аймағы мен жақын және алыс шет елден 5 мыңға жуық кәсіби келуші болды.

ШАХРУХ МАЛИКОВ, ӨЗБЕКСТАН ҰЛТТЫҚ PR-ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

-  Қазіргі таңда Өзбекстан аумағымен ауқымды турлар бар. Сұрхандария, Қарақалпақстан, Қашқадария, Жезақ өңірі осы туристік бағыттар қатарында. Елімізге келетін туристер саны бойынша Ресей Федерациясы алда. Екінші орында – Түркия тұрғындары. Сондай-ақ Кореядан келушілер саны артып келеді. Еуропалықтар тарапынан да қызығушылық аз емес.

Көрмеге қатысқан Мысыр тарапы аймақ елдерімен, соның ішінде Қазақстанмен саладағы екіжақты байланысты нығайтуға мүдделі. Сәуір айынан бастап Алматыдан Хургада бағытында арнайы ұшу бағдарламасы іске қосылмақ. Мамыр айынан бастап Астана–Хургада рейсі де болады. Жаңа рейстер демалып та, үнемдеп те үлгеруге мүмкіндік береді. Қонақүйлердің 90 пайыздан астам қазақстандық отбасылардың балаларын тегін орналастыруға дайын.

ХАЛИД ФОДА, ОҢТҮСТІК СИНАЙ ӨҢІРІНІҢ ГУБЕРНАТОРЫ /ЕГИПЕТ/:

 - Қазақстан мен Мысыр арасында аптасына 20 рейс бар. Мысырдағы төңкеріске дейін 14 мың турист қабылдаған болатынбыз. Одан кейін Қазақстаннан келетін туристердің саны күрт азайып кетті. Енді біз бұрынғы болған туристердің санын қайтадан көбейтуге тырысып жатырмыз. Қазіргі уақытта Қазақстан, Әзербайжан және Грузия сынды елдермен осы салада ынтымақтастық байланыс жасап жатырмыз.

Туристік маусымы жыл бойы жалғасатын Мысыр елі көптеген қазақстандықтар үшін тартымды бағыт. Қазақстан мен Мысыр үкіметтері аса құнды тарихи әрі туристік нысан – Сұлтан Бейбарыс атындағы мешітті қайта жаңартып, оны туристер бағдарламасына қосуды жоспарлап отыр.