Астанада «МАЙНЕКС Орталық Азия» тау-кен өнеркәсібінің IX форумы өтті

Астанада Орталық Азия тау-кен өнеркәсібінің IX форумы өтті. Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан елдерінің мамандары минералдық-шикізат ресурстарын барлау мен өндірудің тиімділігін арттыру, геология ісіне озық технологияларды ендіру мәселелерін талқылады. Өйткені қазіргі заманның геологиясы жер байлығын іздеу үшін терең қазумен шектелмейді. Мысалы, мына жүйе топыраққа тимей-ақ, қазба қорының түрін әуеден анықтауға мүмкіндік береді. Оның нақтылығының арқасында геологиялық барлаудың бірнеше кезеңін атқарудан арылтады.

АЛЕКСЕЙ БРОДОВОЙ, ТАУ-КЕН САЛАСЫНЫҢДАҒЫ ЖАБДЫҚТАРДЫ ЖЕТКІЗУШІ КОМПАНИЯНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Біріншіден бұл ресурстарды, уақытты әрі қаржыны үнемдейді. Геофизикалық жұмыстардан соң бірден материалдарды өңдеуге кірісуге болады. Қызығушылық тудырған учаскелерді бірден бұрғылауға кірісуге болады.

Геологиядағы жұмыс үдерістерін цифрландыру арқылы қазба қорын нақты анықтап қана қоймай, күнделікті өндірілген кен көлемін уақтылы тіркеп отыруға мүмкіндік береді. Осылайша, алдын ала нақты жоспар құруға да болады. Арнайы бағдарлама тау-кен техникасының жұмысын бақылауды диспетчерлеуге арналған.

ДАСТАНБЕК ЕСДӘУЛЕТ, IT-КОМПАНИЯ ӨКІЛІ:

 - Бүгінде автоматтандыру ісінің өзі дамып келеді. Мысалы, пайдалы қазбаларды толықтай алып шығу үшін шынайы уақыт режимінде нарядты түгелдей бақылауға болады.

Бүгінде Қазақстанда бұл секторда 650-ден аса ірі және шағын компания жұмыс істейді. Жақында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа кодекс күшіне енеді. Оған сәйкес, табиғи ресурстар жаңаша ережемен пайдаланылмақ. Оның ішінде, геологиялық барлау мен өндіру жұмыстарындағы құжаттарды азайту көзделген. Заңнама дамыған елдердің тәжірибесіне негізделіп жасақталған.

ТИМУР ТОКТАБАЕВ, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

 - Біз жаңа кодексті түсіндіру мақсатында ел аймақтарына шығуды жоспарлап отырмыз. Өйткені оның аясында 122 заңнамалық нормативті-құқықтық акт шығады. Мамыр айында толықтай құрылымдаған соң мамандарымыз түсіндіру жұмыстарына кіріседі.

«МАЙНЕКС Орталық Азия» тау-кен өнеркәсібі форумы Астанада 2010 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт аралығында ол Орталық Азия аймағының минералдық-шикізат ресурстарын игеру мәселелері мен келешегі кәсіби деңгейде талқыға түсетін, саладағы халықаралық байланыстарды дамытуға ынталандыратын беделді алаңға айналып үлгерді.