Орталық Азия және Балтық жағалауы елдері ынтымақтастық көкжиегін кеңейтпек - Kazakh TV

Орталық Азия және Балтық жағалауы елдері ынтымақтастық көкжиегін кеңейтпек. Латвияның бас қаласы Ригадағы сауда миссиясы барысында тараптар құны 120 миллион доллардан асатын келісім шарттар бекітті. Іскер топ өкілдерінің айтуынша сапар «бестік» пен Еуропа елдері арасында сауда айналымына серпін беріп, өзара алыс беріс көлемін арттырады. Орталық Азиялық 30-ға жуық компанияөкілдерінің де көздегені осы.

АСҚАР АРЫНОВ, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯНЫҢ ӨКІЛІ:

- Орталық Азиядан Балтық елдеріне көкөніс, жеміс, азық-түлік тасмалдау үшін келісімдерге қол қойылды. Кәсіпкерлердің көптен күткені осы еді. Себебі Орталық Азияның тағамдары сапалы әрі дәмді болып келетіні баршаға аян. Енді екі тарап делдалсыз-ақ тауарларды өзара тасымалдауға мүмкіндік алды.  Орталық Азия мен Балтық жағалауы елдерінің бизнес қоғамдастықтары осы жұмысты үйлестіруге дайын отыр.

Айта кетейік, форумды АҚШ-тың Халықаралық даму жөніндегі агенттігі ұйымдастырды. Мақсат - Балтық елдерімен ынтымақтастықты кеңейту арқылы  Орталық Азия кәсіпкерлері үшін жаңа нарықты ашу.

РАЙДЕР РОДЖЕРС, USAID ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ САУДА МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША АЙМАҚТЫҚ КЕҢЕСШІСІ:

- Менің ойымша бұл Орталық Азияға қажетті форум. Қос тарап бір-бірін жақсы түсінеді. Латвияның тұрғындары Орталық Азия  елдерінің  дәмді тағамдарын, көкөністері  мен жемістерін жоғары бағалайды деп ойлаймын.

Алғаш рет өтіп жатқан Орталық Азия елдерінің ортақ сауда миссиясы латвиялық іскер топ өкілдері  тарапынан да қызығушылық тудырды. Жергілікті 100-ге жуық компания кездесуге тіркеліп үлгерген. Бұл форум аймақ аралық серіктестікті арттырып қана қоймай, мемлекетаралық ынтымақтастықты кеңейте түспек. Оған бірден бір дәлел Қазақстан мен Латвия ынтымақтастығы.

ЮРИЙC ПОГРЕБНЯКC, ЛАТВИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

- Орталық Азиядан азық-түлік тауарларын, көкөністер мен кепкен жемістерді алуға тек Латвияның ғана емес, Балтық елдерінің және Скандинавияның қызығушылығы жоғары. Ал, Қазақстан мен Латвия арасындағы азық-түлік тауарлары жалпы тауарайналымның біраз  бөлігін құрайды. Бірақ, осы форумнан соң бұл салада серпін болады деген сенім мол.

Үшкүндік бағдарлама аясында Орталық Азияның делегаттары Латвияның ірі қалаларын аралады. Олар өз өнімдері мен қызметтерін ұсынып, жергілікті кәсіпкерлік орта және көлік-логистика саласының қауқарымен танысты. Одан соң іс-сапарды делегация көршілес Литвада жалғастырмақ. Сауда қатынасын жандандыруға бағытталған сапар нәтижелі болмақ дейді мамандар.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер