Орталық Азия жаңалықтарына шолу

Түркменстан мен Өзбекстан әріптестік аясын кеңейтпек ниетте. Uzreport.news ақпараттық агенттігі, қос тарап мәдени және саяси, сауда-экономикалық жағынан ынтымақтастықты одан әрмен нығайтуы үшін арнайы келісімге келетінін жазды.Осы ретте Ашхабадта Өзбекстан мен Түрікменстанның Сыртқы саяси ведомстваларының арасында консультацияның екінші кезеңі өткен. Кездесу барысында тараптар Түркменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің  Өзбекстанға сапарына ерекше тоқталып өтті.

****************************************************

Тәжікстан мен Өзбекстан спорт саласында өзара қарым-қатынас орнатты. Бұл туралы ca-news ақпараттық агенттігі, Татарстан Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып жазды. Душанбеде өткен  екі елдің Ұлттық олимпиада комитеттерінің кездесуінде қос тарап белгілі бапкерлердің қатысуымен жас спортшыларға бірлескен  шеберлік сағаттарын өткізуге уағдаласты. Сонымен қатар, Тәжікстан спортшылары енді Өзбекстан Ұлттық Олимпиада комитеті жанынан құрылған спорттық медицина орталығының қызметтерін пайдалана алады.

****************************************************

«Адамзаттың Айтматовы». Әйгілі жазушының туғанына 90 жыл толуы халықаралық деңгейде аталып өтуде. Kabar.kg  ақпараттық порталының хабарлауынша «Айтматов біздің жадымызда» атты арнайы флешмобты әлемнің әр түкпірінен  3,5 миллионан астам  адам  қолдап, үн қосқан. Жазушы мерейтойын атап өтуге Орталық Азия елдері де белсенді атсалысады.  Қазақстанда Халықаралық Түркі академиясы қырғыз ғалымдарымен бірлесіп ұлы тұлғаның екі томдық монографиясын даярлады. Ал Өзбекстан айтулы дата аясында «Айтматов және Өзбекстан» кітабын басып шығарып, ол туралы деректі фильм түсіріп, жазушының шығармашылығы желісінде сахналық қойылым әзірлеуді  қолға алды.

****************************************************

Қырғызстанда туристерге арналған жаңа жол белгілері орнатылмақ. Бұл туралы 24.kg жаңалықтар агенттігі АҚШ-тың Қырғызстандағы елшілігіне сілтеме жасай отырып жазды. АҚШ-тың  Халықаралық даму жөніндегі агенттігі (USAID) 125 жаңа жол белгілерін орнату мен қала карталарын жасауды жүзеге асырады. Бұл туристер үшін қалаларда жаяу жүруге, еркін саяхаттауға жағдай жасайды деп жазады ақпараттық портал.