Орталық Азия елдері өзара ынтымақтастықты нығайтуда

Орталық Азия елдері өзара ынтымақтастықты нығайтып келеді. 2017 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның аймақтағы мемлекеттермен тауар айналымы үш миллиард алты жүз миллион доларға жеткен. 2016 жылмен салыстырғанда сауда-саттық көлемінің өсімі жарты милиард долларды құрап отыр.  Алыс-беріске келгенде еліміз өңірдегі әріптес республикалармен тең құқылы негізде екі жаққа да тиімді қарым-қатынас орнатуға басымдық беріп келе жатқанын айта кеткен жөн.

АГРИС ПРЕЙМАНИС, ЕУРОПАЛЫҚ ҚАЙТА ҚҰРУ ЖӘНЕ ДАМУ БАНКІНІҢ ҚАЗАҚСТАН БОЙЫНША БАСШЫСЫ:

- Қазақстан бұл үлкен мүмкіндіктер ашатын ел. Жібек Жолы бойындағы алғашқы мемлекет. Республика табиғи ресурстар қоры  және адам капиталына бай. Бұл жаңғыртылып, жаңарып келетін орта инвесторлардың аса қызығушылығына ие. Қазақстан ішкі әлеуетін толықтай пайдаға асыруға сақадай сай. Инвестициялық климаттың тартымдылығын арттыру мемлекеттің басым бағыттарының бірі.

Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің 2018 жылдың 1 наурыз айына жасаған мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанның аумағында Орталық Азия мемлекеттерімен бірлескен 4 мың кәсіпорын тіркелген. Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан елдерімен іске асқан ортақ жобалар мемлекетіміздің барлық өңірлері мен ресбубликалық маңызға ие қалаларында жұмыс істеп тұр. 

ЛАРИСА ЖҰМАҒАЛИЕВА, ҚР  ИДМ ИНВЕСТИЦИЯ КОМИТЕТІНІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Орталық Азия Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. Сондықтан бұл мүмкіндікті қалт жіберіп алмауымыз керек. Біз қазір көне керуен бойындағы аймақтағы  инфроқұрылым, құрылыс, көлік-логистикалық орталықтарға инвесторлардың қаржысын тарту жұмысымен айналысып жатырмыз.

Экспортқа келетін болсақ, статистикалық ақпарат Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде Өзбекстанға төл өнімдерін көбірек тасымалдайды. Былтыр 2016 жылға қарағанда бұл стратегиялық әріптестес елмен өзара тауар айналымы 31 % артқан. Ал Тәжікстан, Қырғызстан республикаларының әрқайсысымен сауда-саттық көлемі 750 млн доллардан асып жығылған.

САҒЫНГАЛИ АЙДАРБАЕВ, ЗАҢ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

- Біз бір-біріміздің өнімдерімізге тәуелдіміз. Мәселен Тәжікстанды алып қарайық. Бұл ел бүгінгі таңға дейін бізден ұн мен бидай  сатып алады. Өйткені олар бұл өнімдермен ішкі нарықты толығымен қамти алмайды. Ал өз кезегінде Қазақстанға Тәжікстан мемлекетінен жеміс-жидек пен көкеніс дақылдары жеткізіледі.

Бүгінгі таңда Орталық Азия аумағындағы бестік әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне көшуге ниетті. Болашақта бұл тығыз қарым-қатынас жалпы өңірдің дамуын қамтамасыз ететін болады.  Себебі Орталық Азияның  әлеуеті зор дейді, мамандар. 70 млн тұтынушысы бар алып нарықтың табиғи рессурстар қоры бай, кәсіпорындардың өндірістік аясы күн санап кеңейіп келеді.