Орталық Азия жаңалықтарына шолу - Kazakh TV

Тәжікстан Өзбекстанға электр энергиясын экспорттай бастады. Сa-news ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, Регарк қосалқы станциясынан Гулча станциясына дейінгі электр жеткізу желісі іске қосылды. Көрші мемлекетке электр қуаты экспортының жалпы көлемі жылына кемінде 1,5 миллиард киловатт/сағатты құрайды. Бұған дейін, Душанбе мен Ташкент тәжікстандық электр энергияның жеткізу бағасын келіскен болатын.

***

Өзбекстан мен Ауғанстан ІТ саласындағы әріптестік аясын кеңейтпек. Gazeta.uz порталының мәліметінше, тараптар стратегиялық ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған. Олар жоғары жылдамдықты транзиттік байланыс арналарын ұйымдастыру, екі елдің байланыс операторларының желілер арасындағы халықаралық трафигінің көлемін арттыру, жоғары жылдамдықты интернетті қолжетімді ету, ІТ мамандарын оқыту мәселелерін талқылады. Меморандум аясында Ташкенттің оқу орындарында ауған студенттерін оқыту мүмкіндігі де сөз болды.

***

Самарқанд – Ұлы Жібек Жолының кереметі. Кultura.uz. ақпараттық агенттігі Өзбекстанның туристік әлеуеті алғаш рет Испанияның Валенсия қаласында өткен «Лас Фальяс» фестивалінде таныстырылды деп жазады. Ал ЮНЕСКО Жібек жолы платформасының төрағасы және Испания Конгресс депутаты Хосе Мария Чикийо «Өзбекстан мен оның тарих тұнған қалалары ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралары тізімінде ерекше орын алады» деп атап өтті. Оның пікірінше, Өзбекстан тарихын көпшілікке таныстыру елдің туристік брендін насихаттауға сеп болды.

***

Мәскеуде «Ыстықкөл мен аспан арасы: Қырғызстан туралы 100 пікір» фотокөрмесі ашылды. Knews  жаңалықтар агенттігі экспозиция Қырғызстан табиғатының сұлулығы мен бірегей байлығын, тұрмысын бейнелейтін жүз фотосуреттен топтастырылғанын жазады. Орталық Азияның Швейцариясы атанып кеткен тамылжыған табиғаты бар, өзен-көлі мен шатқалдары қаз-қалпында сақталған елді бейнелейтін сәтті кадрлар көпшіліктің таңданысын тудырды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер