Орталық Азия: Музей туризмінің мүмкіндігі мол

Орталық Азияның тарихы тұнған музейлер. Аймақтың шойынжол арқылы орнатқан алыс-берісі мен барыс-келісін Ташкенттегі ашық аспан астында орналасқан ерекше мұражайдан білуге болады. Ретро музей 1989 жылы Өзбекстан темір жолының 100 жылдығына арналып ашылған. Мұнда 23 паровоз бен 17 тепловоз, әр түрлі теміржол локомотивтері келушілердің назарын бірден аударады. Ал ең ерек экспонат – осыдан тура бір ғасыр бұрын шығыстың шойын жолымен жүйткіген паровоз. Ол Шығыс пен Батысты бақандай 51 жыл жүріп өтіп, соғыс жылдарында да халыққа қалтқысыз қызмет еткен.

ДОНА ГАЗИЕВА, МУЗЕЙ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Музейімізде ең көне яғни 1914 жылы жасалған паровозымыз бар. Оны «Қошақан» деп атаған. Ал соңғысы – 1982 жылы жасалған жолаушылар тепловозы.

Өзіндік тарихы мен кескін келбеті қаз қалпында сақталған рухани ордаға келушілердің қарасы көп. Олар теміржолшылардың кәдесіне асқан түнгі шамдар мен телефон басқа да 55 түрлі жәдігердің тарихымен таныса алады. Отарбалардың кейбірі Ресей, Германия, АҚШ-та жасалған. Алып қазандық пен үлкен доңғалақты пойыздар бүгінде көпшіліктің сүйікті орындарының біріне айналған.Ал, мына алып паровоз «Неуловимые мстители» киносын түсіргенде пайдаланылған екен.

ПИТТЕР ЯНЕС, АНГЛИЯДАН КЕЛГЕН ТУРИСТ:

 - Менің әкем Англияда теміржол саласында жұмыс істеген. Талай рет алып машиналармен қыдырғаным бар еді. Мұндай паровоздар бізде де болған. Жастық шағымды еске түсірді. Музей Ташкенттің бір керемет жері екен.

Өзбекстан секілді Қырғыз мемлекеті де тарихи ескерткіштерін танытып,  музей туризмін дамытуды көздейді. Өйткені елде тарихи маңызы зор, әлі де зерттеуді қажет ететін экспонаттар жетерлік. Егер іздеу жұмыстары жүйелі жүргізіліп, табылған байлықтарды тиісінше сақтай білсе, халық мұрасы қалпында сақталар еді. Осы ретте тарихшы-ғалымдар мен Парламент депутаттары Қырғыз Ұлттық университетінде мұражай мамандарын дайындайтын кафедра ашуды ұсынды.

КУБАТБЕК ТАБАЛДИЕВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

 - Бұл салаға жас мамандарды көптеп тарту керек. Жалпы бүкіл әлемде археология мен этнография маңыздығылым саналады. Сәйкесінше мұражай қызметкері болу –үлкен абырой.  

Орталық Азияның  шежіреге толы қойнауы мен  өткен күндерден сыр шертетін құнды жәдігерлерге байлығы шетелдік туристерді өзіне ынтықтыра түсетін жайттардың бірі. Сондықтан өңірдегі музей туризмінің мүмкіндігі мол.