Тұрақты әрі қауіпсіз Ауғанстан – Орталық Азия аймағы үшін басты басымдықтардың бірі. Венгриялық сарапшы Паль Гайнэ осындай пікірде. Оның айтуынша, мемлекеттің экономикалық гүлденуіне Тәжікстан, Өзбекстан сынды шекаралас елдер ғана емес, Қазақстан  да қызығушылық танытады. Еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде ұйымдастырған министрлік пікірталастары аймақ мемлекеттерінің ауған мәселесін бірлесе шешуге әзір екендігін дәлелдеді. Айту керек, қазіргі таңда Орталық Азия елдері Ауғанстанның дамуына өз үлестерін қосуда. Мәселен, Қазақстан ауғанстандық студенттерді оқытуды қолға алған. Өзбекстан болса, Ташкент пен Кабул арасында тікелей әуе байланысын ашты. Түркіменстан өз кезегінде Ауғанстанға газ жеткізіп, елдегі теміржолды қалпына келтіруге кіріскен. 

ПАЛЬ ГАЙНЭ, ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЖӨНІНДЕГІ САРАПШЫ /ВЕНГРИЯ/:

 - Халықаралық терроризммен күрес Орталық Азия елдері үшін басты міндеттердің бірі болып отыр. Бұл елдердің географиялық орналасуларымен де тығыз байланысты. Өйткені Ауғанстан, Тәжікстан және Өзбекстан сынды елдермен шекаралас. Ауғанстанда тұрақтылықты орнатуға Қазақстан да алаңдаушылық танытады. Өйткені бұл жалпы аймақ үшін маңызды. 

Орталық Азия елдері Ауғанстанмен әріптестікті нығайтуға ниетті. Бұл үшін көліктік-транзиттік, инфрақұрылым, сауда-экономика, инвестиция және энергетика салаларында нақты жобалар жүзеге асырылуда. Елдер Ауғанстанды қауіп ошағы ретінде емес, экономикалық мүмкіндіктері ашылмаған потенциалды және маңызды әріптес ретінде қарастыруды ұсынып отыр.

ПАЛЬ ГАЙНЭ, ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЖӨНІНДЕГІ САРАПШЫ /ВЕНГРИЯ/:

 - Ауғанстан үшін террористік топтар басты қатер болып отыр. Бұл жерде елдің аумақтық тұтастығы сақтала ма деген сауал маңызды. Өйткені Ауғанстанның бөлінуі барша Орталық Азия аймағының тұрақтылығына қауіп төндіруі мүмкін. Ауғанстанның экономикалық дамуы Қазақстанға, аймақтың өзге елдеріне жаңа инвестициялық мүмкіндіктер ашпақ.

Қазанның 20 күні Ауғанстанда парламенттік сайлау өтпек. Елдің орталық сайлау комитетінің хабарлауынша, сәуірдің ортасында сайлаушыларды тіркеу басталады. Парламенттік сайлау президенттік сайлау науқанына дайындық болады, - дейді сарапшылар. Ол 2019 жылға жоспарланған. Сайлау ел үкіметінің мемлекеттегі қауіпсіздік мәселесін шешуге қаншалықты дайын екендігін көрсетпек.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер