Лондонда британиялық оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық жас ғалымдар Орталық Азия бойынша ғылыми форумда бас қосты. Бесінші рет ұйымдастырылған кездесудің мақсаты – ғылымдағы өзекжарды мәселелерді талқылау, өзара идеялармен бөлісу, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін көпшілік назарына ұсыну. «Тұрақты болашақ үшін бірлескен жұмыс» деген атаумен өткен форумда жас ғалымдар энергетика, химия, электронды техника, биология, гидрология және заң саласы бойынша баяндамалар жасап, өз жұмыстарын көрсетті. Айбек Смағұл – ағзаның биологиялық ерекшеліктерін салыстыра отырып және ауру тудырушы механизмдерді түсіну арқылы остеоартроздың алдын алу әдістері мен емдеу тәсілдерін жетілдірмек.

АЙБЕК СМАҒҰЛ, ЛИВЕРПУЛЬ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДОКТОРАНТЫ:

 - Бұл зерттеуімді әрі қарай жалғастырмақ ойым бар. Сонымен бірге өз тәжірибемді қазақстандық ғалымдармен бөліскім келеді.  

Ал жас ғалым Мұхит Құлмағанбетовтың зерттеуі глаукомаға бағытталған. Ол зағиптыққа алып келетін аурудың ерте диагностикасын анықтайтын құрылғы ойлап таппақ. Аталмыш форумда «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының өкілі, Империал колледжі және Кембридж университетінің ғалымдары да баяндама жасады.

ДЖЕФ ХЕЙУОРД, КЕМБРИДЖ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДЕКАНЫ:

 - Мен осында келіп, көптеген өте білімді қазақстандық жастарды көргеніме өте қуаныштымын. Ақылды адамдарды шетелге жіберіп отыру маңызды деп есептеймін. Олар көп тәжірибе жинап, халықаралық ғылыми қауымдастықтың құрамдас бөлігіне айналады.

ӘЛИЯ СЕМБАЕВА, ҰЛЫБРИТАНИЯДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДОКТОРАНТТАР АССОЦИАЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Өткен жылдардағы форумдар көбірек білімге бағытталды. Биыл оны зерттеулерге арнап отырмыз.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер