Орталық Азия мен Қытай: Ынтымақтастық әлеуеті - Kazakh TV

Орталық Азия елдерімен ҚХР ынтымақтастық аясын кеңейте түспек. Бүгінде тараптар арасында әр салада тығыз қарым қатынас орнаған. Ондағы көрсеткіштерді еселеуде «Бір белдеу, бір жол» халықаралық жобасына үлкен сенім артылып отыр. Сарапшылардың пікірінше, Аспан асты елінің аталмыш бастамасын жүзеге асыру «Жаңа Жібек жолы» бойындағы әр мемлекетке тиімді. Бұл алдымен өңірде жаңа жобалардың іске қосылып, көлік және логистикалық инфроқұрылым, транзиттік жүк тасымалы дәліздерінің жақсарып, дами түсуіне ықпал жасайды.  Бұл орайда Қазақстан географиялық тұрғыда қолайлы орналасқан.

ЧЖАН ХАНЬХУЭЙ , ҚХР ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Көршілес елдермен жылы әрі екі жақты қолайлы ынтымақтастық орнату біздің сыртқы саясаттың басым бағыттарының бірі. Орталық Азия елдеріндегі бейбітшілік пен тұрақтылық, айналадағы елдердің тыныштығы мен Қытайдың тұрақты дамуына серпін береді. Осы достық қарым-қатынас үшін барлығымыз жұмылудамыз. Түркменстаннан Өзбекстан, Қазақстан арқылы Қытайға газ құбыры тартылып жатыр. Кейін бұл көгілдір отын Гонконгқа жеткізіледі. Бұл «Жаңа Жібек жолының» жемісі. 

Қытай Қазақстанның экономикалық сауда-саттық салалары бойынша жетекші серіктес саналады. Аспан асты елі де сыртқы саясатында Қазақстанмен қарым-қатынасын жоғары бағалайды. Қытайдан Еуропаға темір жолмен жеткізілетін транзиттік жүк тасымалының үштен екісі Қазақстан арқылы өтеді.  Аталған елдің Қазақстандағы Елшісінің айтуынша, әріптестік бұнымен шектелмейді. Екі жақ өзара өндіріс, энергетика,  транспорт, логистика және ауылшаруашылығы төңірегіндегі байланыстарға басымдық береді. Мәселен, тек былтырдың өзінде елдер арасындағы тауар айналымы  18 млрд. АҚШ долларын құраған. Бұл 2016 жылғы көрсеткіштен 40 пайызға артық.

ЧЖАН ХАНЬХУЭЙ, ҚХР ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Жуық арада «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолы қолданысқа беріледі. Сол уақытта Қазақстан арқылы өтетін трансшекаралық жолдар ашылады. Қазақстанды басып өтетін екі бірдей темір жол Орталық Азия елдерін Еуропамен байланыстырады. Кейін Түркменстан, Ашхабад, Түркия арқылы Таяу Шығыс мемлекеттеріне дейін жетеді. Қазір Ақтау арқылы Әзербайжанға темір жол байланысын тарту жағы қарастырылып жатыр. Қазіргі технологиялар ортақ экономикамыздың әлеуетін жақсартуға жетіп жатыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер