Орталық Азия елдері арасындағы өзара ынтымақтастық - Kazakh TV

Орталық Азия – экономикалық және геосаяси мәні зор болғанымен мүмкіндіктерін толық қамтымаған алпауыт аумақ.  Дәл осы себепті де Орталық Азияның ортақ мүддесі ешқашан көмескі тартпайды, керісінше бірлескен жоспарларды жүзеге асырудың жолдары жылдан-жылға  айқындалып келеді. 

СЕЙІЛБЕК МҰСАТАЕВ, САЯСИ ҒЫЛЫМДАР ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:

 - Бірлік болған сайын тасымыз өрге домалайтыны анық енді бұл жерде мәселе. Елбасымыздың ұсынып отырған саясаты да сол. Көптен бері ұсынып келе жатқан идея еді енді ғана жүзеге аса бастады. Мирзиеевтің билік басына келуімен ол төңірегіндегі мемлекеттермен қарым-қатынасты жақсарта бастап жатыр.

Соңғы экономикалық көрсеткіштер де көрші елдердің бір-біріне жақындасуының пайдасы мол екендігін көрсетіп берді. Мәселен, өткен жылдың Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда айналымы 30 пайызға ұлғайды. Бес ел басшыларының кездесуі жиі ұйымдастырылып тұрса, өзара сауда-саттық мәселесі де оңтайлы шешіліп, ынтымақтастық арта түседі, дейді саясаттанушылар.

САҒЫНҒАЛИ АЙДАРБАЕВ, ЗАҢ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

 - Біздің шығаратын өнімдеріміз бір бірімізге керек. Мысалы, Тәжікстанды алатын болсақ. Тәжікстан бізден осы күнге дейін ұн алып отыр. Астық алып отырған мемлекет. Өйткені өздерін олар толық бұл өнімдермен қамтамасыз ете алмайды. Сол сияқты Тәжікстанда шығаратын көкөністер бізге керек. Өйткені бізге қарағанда оларда көкөністер 1-2 ай бұрынырақ піседі. Сондықтан сол кезде біздің нарыққа жеткізілсе, бізде бағалар төмендер еді. Осы жағынан интеграцияны дамыту өте қажетті.

Бүгінде Орталық Азиядағы бес мемлекетті алаңдататын үлкен мәселе су қауіпсіздігі. Аймақтағы су көлемі 2040 жылы 25% кемиді деген болжам бар, ал бұл өз кезегінде экономиканың өсуін тежейді. Су мәселесіне келгенде өңірдегі республикалардың екі санаты бар: су басындағы және су аяғындағы. Су басындағы елдер – Тәжікстан мен Қырғызстан, ал аяғындағы елдер – Қазақстан, Өзбекстан мен Түркіменстан. Қазақстан сырттан келетін суға 42 пайыз, Өзбекстан – 77, ал Түркіменстан – 94 пайыз тәуелді. Соңғы 10 жылда Бішкек пен Душанбе Су электр станциясын салуға құлшына кірісті.

ЖҰМАБЕК САРАБЕКОВ, ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

 - Аймақта бүгінде демографиялық өсім байқалады. Мысалы, Өзбекстан – 32 млн, Қазақстан – 18 млн болды. Сондай-ақ Тәжікстан, Түркіменстан, Қырғызстанда да адам саны өсіп жатыр. Бұл болашақта су рерустарының дефицитына әкеп соқтыруы мүмкін. Егер қазір оң шешім таппасақ, болашақта су ресурстарының жеткіліксіздігімен бетпе-бет келеміз.

Бес елдің көздегені бір мүдде. Түбі бір түркілердің біріге әрекет етуі аймақта игі өзгерістерге ұласары сөзсіз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер