Орталық Азия елдері Еуропа, Қытай және Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортталатын ауылшаруашылық өнімдерінің көлемін арттыра түспек ниетте. Ол үшін жақында агроөндіріс саласының қауіпсіздігі мен  қарқынды дамуына жауап беретін танымал GLOBAL G.A.P. халықаралық стандарты ендірілмекші. Бүгінгі таңда бұл талаптармен әлемнің 125 елінің 190 мың кәсіпорны жұмыс істеп келеді. Елордада өткен конференцияда халықаралық сарапшылар сертификациялаудың көптеген компаниялардың іргесін кеңейтіп, жаңа нарықтар мен жетекші сауда желілеріне жол ашатындығы жөнінде әңгімелеп, кеңестерін берді.

ФЛАВИО АЛЬЗУЕТА, «GLOBALG.A.P.» МАРКЕТИНГ БОЙЫНША ДИРЕКТОРЫ ЖӘНЕ  ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Стандарт ғылыми зерттеулердің негізінде құрылған. Бұл бағыттағы жұмыс 20 жыл бұрын басталды. Ол кезде ауыл шаруашылығында шамадан тыс пайдаланылатын пестициттермен күрескен едік. Қазіргі мақсаттарымыз күрделене түсті. Мәселен, адам денсаулығын қорғау, қауіпсіз өнім шығарудың жолдарын іздеу,  қоршаған ортаны жақсарту. Әзірге Орталық Азия елдерінің ішінде бұл сертификат тек Өзбекстан мемлекетіне берілді.

Өткен жылдан Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінде «Орталық Азияда сауда рәсімдерін жеңілдету» бағдарламасы жүзеге асып келеді. Сарапшылардың айтуынша, аймақ мемлекеттерінің органикалық таза ауылшаруашылығы өнімдерін шығаруда әлеуеті зор. Алайда халықаралық сертификатқа қол жеткізу үшін тәуелсіз органның бағасы қажет, дейді мамандар.

ГҮЛБАХЫТ СУЛТАНОВА, «ОА САУДА РӘСІМДЕРІН ЖЕҢІЛДЕТУ»  БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

– Нәтижесінде біз аудиторлар мен кеңесшілер тобын жинап алатын боламыз. Олар тиісті талаптарға сай оқытылады. Осылайша алғашқы кеңесшілер легі кейінгілеріне аталмыш стантартқа сәйкес жұмыс істеуді үйретеді. Ал аудиторлар болса, халықаралық талаптарға сай  аудит жүргізеді. Бұндай келісе жұмыс жасаудың нәтижесінде біздің өнімдер сертификацияланып, халықаралық нарыққа шығу мүмкіндігіне ие болады.

Сарапшылардың айтуынша, халықаралық талаптарды белсенді түрде ендіру аймақтағы мемлекеттерге агроөнеркәсіп өнімдерінің жаһандық экспорттаушыларымен бәсекелесуге жол ашады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер