Ауғанстан мен Орталық Азия аймақтық қауіпсіздігі

Аймақтағы қауіпсіздік – Орталық Азия мемлекеттері үшін маңызды. Тұрақтылықты нығайтудың негізгі факторы Ауғанстан мәселесін оңтайлы шешу. Өзбекстан Ауғанстан үкіметі мен «Талибан» қозғалысын тікелей келіссөзге шақыру үшін өз алаңын ұсынуға дайын. Қазақстан өз кезегінде Ауғанстандағы жағдайды бейбіт жолмен шешуді қолдайды. Еске сала кетейік, бұл туралы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде министрлік дебатында айтылған болатын.

ҚАЙРАТ ӘБДІРАХМАНОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

 - Қауіпсіздік Кеңесі аясында біз Орталық Азияны бейбітшілік пен қауіпсіздіктің, ынтымақтастық пен орнықты дамудың үлгісі ретінде танытып, министрлер конференциясын құрдық. Қазақстан Ауғанстанды қолдап келеді. Мысалы, елімізде ауған студенттерінің білім алуына жағдай жасалып, 50 млн АҚШ долларын бөлетін арнайы бағдарлама ашылды. Осы ретте ауған студенттері, оның ішінде, қыз балалар да еліміздегі беделді жоғарғы оқу орындарында білім алып жатыр. Сонымен қатар біз Еуропалық Одақпен бағдарламаны қаржыландыру мәселесін талқылап, өзара келісімге келдік.

Айта кетейік, Ташкентте өткен конференцияға 20 елдің делегациясы қатысты. Еуропалық Комиссияның вице-президенті Федерика Могерини атап өткендей, халықаралық қоғамдастық бұл шараға үлкен сенім артып, барлық салаларда қолдау көрсетуге дайын.

ФЕДЕРИКА МОГЕРИНИ, ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚТЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ ӨКІЛІ:

 - Дипломатиялық жағынан біз санкцияға ұшырағандар тізімінен алып тастауға көмек бере аламыз. Сонымен қатар жаһандық қауіпсіздікті қолдап, қару-жарақ қолданбау туралы келіссөзге келу үшін жұмыс істейміз.

Келелі келіссөздер соңында Ташкент декларациясы қабылданды. Саясаткерлер мен халықаралық қоғамдастық өкілдері бейбіт келіссөздерге қатысушы барлық тараптарды бірлесуге шақырды.

АБДУЛАЗИЗ КАМИЛОВ, ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

 - Декларация мәселесі бейбіт жолмен шешуді ғана емес, сонымен қатар Ауғанстандағы ұзақ уақытқа созылған дағдарыстан шығудың нақты жолын көрсетеді. Бұл ұсыныс Орталық үкімет пен оппазиция арасындағы тікелей саяси диалогтың болуын қадағалайды.

Осы күзде халықаралық ұйымдардың бірлесуімен ауған әйелдерінің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін арнайы конференция ұйымдастырылады. Бұл бастаманы БҰҰ-ның халықаралық ассоциациясы қолдап отыр.