Қытайлық мамандар Бішкекте 35 артезиан ұңғымасын жаңғыртпақ - Kazakh TV

Орталық Азия Қытай үшін энергия ресурстарымен қызықты болса, аймақ елдері қытайлық тарапты өздеріндегі инфрақұрылымдық жобаларға тартуға мүдделі. Сондай жобалардың бірі Қырғызстан астанасында іске аспақ. Қытайлық мамандар Бішкекте 35 артезиан ұңғымасын бұрғылап, таза ауыз су алу және ағынды суларды тазалау ісін жолға қоймақ.

АСЫЛБЕК ИСАЕВ, «БІШКЕК СУ АРНАСЫ» МЕКЕМЕСІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

 - Бұл қосымша 35 ұңғыма жаз мезгілінде халықты ауыз сумен жабдықтауды жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Бішкектің оңтүстік бөлігіндегі жаңа ықшам аудандарды ауыз сумен қамтамасыз етеміз.

Ұңғымалардың тереңдігі – 160 метр. Ауыз су 100 метр тереңдікте орналасқан құдықтардан алынады. Бірлескен жоба «Бір жол, бір белдеу» бастамасы аясында жүзеге аспақ.

ЦЗИ ЮНТАО, «ТЯНЬДИ» ШЭНЬСИ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Біз мемлекеттік ұйым ретінде бұл жобаға қолдау білдіреміз. Интернет арқылы жобаны тауып, оны жүзеге асыру жауапкершілігін мойнымызға алдық. Қырғыз тарапының талаптарын зерттей келе, келісімге келдік. 

Ұңғымаларды бұрғылауға, су құбырларын модернизациялау шараларына қаржы халықаралық бағдарламалар арқылы тартылған.

АЛБЕК ИБРАИМОВ, БІШКЕК МЭРІ:

 - Тендерді Еуразиялық даму және қайта құру банкі өткізеді. Нәтижесінде жұмысты сапалы әрі жауапты орындайтын үздік мердігерлер іріктеп алынады.

Бүгінде Қырғызстан астанасын ауыз сумен Орто-Алыш су қоймасы қамтамасыз етіп отыр. Шаһардан 3 шақырым қашықтықта орналасқан нысанның аумағында 115 артезиан ұңғымасы жұмыс істейді. Бішкек тұрғындарының 40 пайызын тіршілік нәрі осы су қоймасынан жеткізілуде.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер