Қырғызстан өзінің тұмса табиғатының әсемдігі мен ерекше көз тартар сұлулығымен, әр түрлі ландшафтымен, бай мәдени мұрасымен, ежелгі дәстүрімен шетелдік туристердің арасында танымал. Қырғыз еліне жылына бір жарым, екі миллионға дейін турист келеді. Ал шаңғышылар, альпинистер мен этномәдениетті дәріптеушілер жыл бойы осында.Дегенмен жазғы маусымда саяхаттың көрігі қыза түседі.Тап осы тамаша кезеңде әйгілі Ыстықкөл жағалауы қонақтарға лық толады. Туристік сала қырғыз елінің экономикасының артуына сеп.Сәйкесінше Қырғызстан депутаттары шетелдік туристерге төлем жасауды міндеттемек. Олардың пікірінше, саяхатшылардан түскен қаражат елдегі туристік сервисті дамытуға бағытталады.

САЙДУЛЛА НЫШАНОВ, ҚР ЖОГОРКУ КЕНЕШ ДЕПУТАТЫ:

 - Туристерді көптеп тартып, аздап болсада ақша жинасақ, олардың өздеріне қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік туады. Бізде мұнай мен көгілдір отын жоқ, Сондықтан  туризм саласын дамытудың оңтайлы жолдарын қарастырған жөн.

Қырғызстанға демалуға келдің бе, 20 доллар төлеуге міндеттісің. Егер бұл салықтық жүйе жүйелі түрде жүзеге асса Қырғызстанның бюджетіне жыл сайын 30 миллион доллар түседі. Алайда елге міндетті төлемақы енгізуге тым ерте дейді кәсіпкерлер.

ЭРНИС ДЖУМАГУЛОВ, ТУРИСТІК ФИРМА ДИРЕКТОРЫ:

 - Өкінішке қарай, демалыс аймағына таңдау жасайтын жандар үшін Қырғыз өңірі аса танымал емес. Бұл аздай енді оларға 20 доллар баж салығын қосымша төлеуді міндеттесек, саяхатшылардың басқа мемлекетті таңдауы мүмкін.

Сарапшылардың пікірінше, аталған салаға қосымша қаражат тарту қажет. Олар инфрақұрылымды дамытуға, туристік қызметтердің сапасын арттыруға, саланы дамыту үшін түрлі ұсыныстарды әзірлеп, жаңа бағыттарды әзірлеуге мүмкіндік беретінін жеткізді. Бұл бастама ел экономикасының өсуіне, кәсіпкерлердің ісін дөңгелетуге тиімді. Сонымен қатар Орталық Азия аймағына туристерді көптеп тартуға оң әсерін береді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер