Қазақстан мен Өзбекстан «Ұлы Жібек жолы» трансұлттық брендін бірлесе дамытады. Қазіргі таңда трансшекаралық турлар сұранысқа ие. Саяхатшының бір турдың ішіне бірнеше елді неліктен сидырғысы келетіні әбден түсінікті. Өйткені мұндай турлардың арқасында барынша көп көне орындарды тамашалап, сан  түрлі мәдениеттерді көріп үлгеруге болады.

ЕРЛАН ҚОЖАҒАПАНОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

 - Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында елімізде Өзбекстан туризмі бағыты жүзеге аспақ. Өзбекстандық әріптестерімізбен шетелдіктердің елімізге кіру жүйесін бірлесе оңтайландыруға келістік. Оған сәйкес «Жібек жолы» атты визалық жүйе іске қосылмақ. Басты мақсатымыз – Жібек жолы бойындағы туризмді дамытуда екі елдің бизнес қауымдастығының басын қосу.

Трансұлттық турлармен қатар Орталық Азия елдерінде гастрономиялық туризмді дамыту да жоспарланып отыр. Дүниежүзілік туристік ұйымның зерттеулеріне сәйкес, соңғы бірнеше жылда мұндай турларға қызығушылық айтарлықтай арта түскен. Ол әлемдік туризмнің 30 процентіне тең. Жолға шықпас бұрын туристердің 79 пайызы елдердің ұлттық тағамдарының ерекшеліктерін зерттейтін көрінеді.

СЕРГЕЙ ДАНИЛОВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРИЗМ ЖӨНІНДЕГІ САРАПШЫ, ӨЗБЕКСТАН:

 - Гастрономиялық және аспаздық мұра негізінде жасалған туристік өнімдердің болашағы зор. Бұл салада екі ел бірлесе ортақ өнім жасай алады. Ол «Жібек жолы» брендінің аясында болуы да мүмкін. Қазақстан мен Өзбекстандағы гастрономиялық тур ретінде бөлек бағдарлама да жасауға болады.

МИХАИЛ ШАМШИДОВ, «VIZIT UZBEKISTAN» ЖОБАСЫНЫҢ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ ДИРЕКТОРЫ, ӨЗБЕКСТАН:

 - Әр елдің өзіндік ерекшелігі бар. Мысалы, Өзбекстанға келушілер көне қалалармен, отырықшылық мәдениеттің қалыптасуымен таныса алады. Ал Қазақстан саяхатшыларға көшпенділер мәдениетін паш ете алады. Сондықтан туризмнің бұл екі бағыты бір-бірімен бәсекелес емес.  Екі ел бірлесе дамыта аламыз.

Қазақстан мен Өзбекстан туризм саласында Орталық Азияда көш бастап тұр. Мемлекеттердің алдындағы ендігі мақсат – екі елдің эко және этно туризмдерін дамытып, дәстүрге толы бай мәдениеттерді біріктіру.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер