10 саусағынан өнер тамған алтын қол зергерлер қай уақытта болсын бос отырмайды. Бүгінге дейін ата кәсіпті меңгерген шеберлер қолынан туған дүниелер түрлі халықтардың дәстүрден сыр шертеді. Бағалы металдан соғылған, кейін құнды тастармен безендіріліп ұлттық нақышта безендірілетін әшекей бұйымдарды әзірлеу ісінің тарихы тереңде жатыр. Мәселен, Орталық Азия аумағының зергерлері көбіне күміспен жұмыс жасауды үйреншікті әдетке айналдырғаны қашан. Көнеден бері бұл металдан құйылатын затттар тылсым күштерден қорғайды деген түсінік қалыптасқан.

БАХТИЯР АРТЫҚБАЕВ, ЗЕРГЕР-СУРЕТШІ:

 - Бұл көне кезден бүгінге дейін сақталған түсінік. Қыз-келіншектер білезік сынды әшекей бұйымдарын таққан кезде тылсым күштерден сақ болып жүреді делінеді. Өйткені металдың сыңғырлаған үні қара күштерді иесінен аулақ ұстайды деп есептелінеді. Сондықтан да Орталық Азия елдеріндегі зергерлік заттардың дені дыбыс шығаратындай етіліп арнайы жасалынады.

Бахтияр Артықбаев саналы ғұмырын зергерлік өнерге арнап келеді. Өз ісінің хас шебері қолданбалы сәндік бұйымдарды тек ұлттық дәстүрге сай өрнектік техникада жасайды. Суретші сүйікті әуестігі арқылы ата кәсіпті жалғаумен қатар, ұлттық өнерді жаңғыртып жүргенін мақтан тұтады. Себебі зергерлік іс қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналған бірден-бір өнер.

БАХТИЯР АРТЫҚБАЕВ, ЗЕРГЕР-СУРЕТШІ:

 - Әшекей бұйымдарды мен өрнектік техникада жасаймын. Бұл асқан шеберлікті талап ететін өте нәзік жұмыс. Біздің өнімді көбінесе шетелдіктер сатып алуға әуес. Әсіресе, Орталық Азия елдеріне тән сәндік бұйымдар үлкен сұранысқа ие. Себебі қолдан жасалған бұйымдар – бірін-бірі қайталамайтын бірегей туындылар. Автоматты технологиялар дамыған заманда қолдан жасалған заттар өте сирек. Нью-Йорк, Лондон, Молдавиядан қоңырау шалып, сұрап жататын адамдар бар. Сондықтан көбіне ғаламтор арқылы тауып алып, тапсырыс беріп жатады. 

Зергер бұндай бұйымның бір ғана ою-өрнегін жасауға күндер жұмсалуы мүмкін дейді. Кейбір аса талғампаз адамдардың тапсырысын орындауға 2 айға тарта уақыт кетеді екен. Сондықтан зергерлік өнермен айналысам деушіге ептілікпен қатар шыдамдылық қажет. Тәжірибелі шебер атадан балаға мұра болып тарайтын өмірлік кәсібінде біліп түйгенін өзгелерге үйретіп, шәкірт тәрбиелесем дейді. Мақсаты – ұлттық өнердің шырағын өшірмеу. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер