Қазақстан мен Сербия сауда айналымын ұлғайтпақ

Қазақстан мен Сербия арасындағы тауар айналымын ұлғайту көзделіп отыр. Былтыр бұл көрсеткіш 42 млн долларға жеткен. Ал биылғы жылдың 7 айында өзара экспорт-импорт көлемі 17 млн долларға ғана жуықтап отыр. Елордада өткен Қазақстан-Сербия іскерлік форумында екіжақты сауда айналымын арттырудың тың жолдары іздестіріліп, талқыланды. 

БАҚЫТЖАН САҒЫНТАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

 - Өткен жылы Қазақстан мен Сербия тауар айналымы 59 пайызға өсті. Ақшалай қарастыратын болсақ, әрине, бұл айтарлықтай үлкен сома емес. Сондықтан бизнес форум барысында сауда байланысын жаңа деңгейге көтеру жолдарын талқыладық. Тиімді бағыттар нақтыланды. Қаржыландыру мәселесі де шешілмек.  

Сербия болса Қазақстан арқылы Еуразиялық экономикалық одақ нарығына шығуды мақсат етіп отыр.  Сонымен қатар Белград қазақстандық өнімді Батыс Еуропа нарығына ұсынбақшы. Жиынға қатысқан сербиялық компанияның өкілі елордада аумағы 62 гектарлық шағын қала тұрғызуды жоспарлап отырғандарын жеткізді. Ол кешеннің құны 1,2 млрд доллар шамасында болмақ. 

ДРАГОМИР КАРИЧ, СЕРБИЯ РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Құрылысты 5 жыл ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз.  Мұнда тұрғын үй кешені, балабақшалар, ойын-сауық орталығы, мектеп, саябақ, театр, шағын стадион бой көтереді.  Миллиондаған шаршы метрді алып жататын кешенде 20 мың адам тұра алады. Кездесу барысында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев пен Президент Александр Вучич құрылыстың іргетасына капсула салды.

Сондай-ақ басқосуда  қылмысқа қарсы күрес, әуе тасымалы, жастар саясаты  және  құрылыс салалары бойынша 4 маңызды құжатқа қол қойылып отыр.