Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығы

Қазақстан мен Ресей екі арадағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуда. Жақын көршімізбен саясат, экономика, білім, медицина, мәдениет салаларындағы байланыстарымыз тығыз. Бүгінгі күні республикамыздың басты сауда серіктестерінің арасындағы көшбасшы – осы Ресей. Оған қос мемлекет арасындағы алыс-беріс көрсеткіштері дәлел бола алады. 2017 жылы екі елдің сауда айналымы 25,6%-ға өсіп, 16 миллиард долларды құрады.

ЯРОСЛАВ ЛИСОВОЛИК, «ВАЛДАЙ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПІКІРТАЛАС КЛУБЫНЫҢ БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

-  2018 жылдың жарты жылында екі елдің сауда айналымы өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға артқанын айта кетуіміз керек. Бұл көрсеткіш тек мұнай-энергетика ресурстары есебінен ғана емес, экономиканың басқа да салаларында да дамып отыр. Мысалы, Ресейдің Қазақстан бағытындағы ресейлік экспорттың құрамында машина құрал-жабдықтарының үлесі 25%-ға жеткен. Бұл қазір экспорттың басты бөлігі болып отыр.

Қазақстанның сыртқы сауда айналымындағы Ресей үлесі шамамен 21% құрайды. Көршіміз Қазақстан импортында өзгелерден көш ілгері тұрса, қазақстандық өнімді сатып алушылар қатарында 4-ші орыннан табылып отыр. Бұл ретте Ресейлік экономистердің айтуынша, көрсеткіштер саны ғана емес, сапасы да жақсарып, тауар айналымның құрылымы да өзгеруде.

ГРИГОРИЙ ТРОФИМЧУК, САЯСАТКЕР:

 - Биылғы жылдың аяғына дейін Қазақстан мен Ресей елдері арасындағы сауда айналымы 18 миллиард долларға жетеді деп болжанып отыр. Бұл, әрине, үлкен көрсеткіш. Ол көрсеткіш әлі де жоғарылай түсуі мүмкі. Дегенмен, қазір бұл жетістікті Ресейдің өзге үлкен әріптестерімен салыстыруға мүлде келмейді. Онда сандар кей тұстарда тіптен төмен.

Ал ресейлік сарапшылардың болжамынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы 2020 жылға қарай 24 миллиард долларға жетуі тиіс.