Нью-Йоркте «Өзгеріп жатқан Еуразиядағы Қазақстанның орны» инвестфорумы өтті

«Өзгеріп жатқан Еуразиядағы Қазақстанның орны». Нью-Йоркте ірі инвестфорум өтті. Аталмыш іс-шараның басты мақсаты – АҚШ пен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтып, арттыру. «Астана» халықаралық қаржы орталығына инвестиция тарту мәселесі де талқыға салынды. Форумға министрліктер мен ведомствалар, ұлттық компаниялар, бизнес банк салаларының өкілдері қатысты.

САПАРБЕК ТҰЯҚБАЕВ, ҰЛТТЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ КОМПАНИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

-  Біз қазір елге америкалық бизнесті тартудың екінші кезеңін іске қостық. Себебі қазір АҚШ тарапынан біздің аймаққа қызығушылық артып келеді. Оның үстіне Американың өз ішінде бүгінде біздің нарыққа еніп, біздің жобаларымызды қаржыландыруға ықылас білдірген жаңа қаржы институттарының пайда болып жатқанын көріп отырмыз. Әсіресе, ауылшаруашылығы мен тамақ өнеркәсібіне деген қызығушылық бар. Сондықтан біз қазір 70-тен аса жоба ұсындық. 

Қазақстандық делегацияның өкілдері америкалық бизнесмендерді ақпараттық технология, металлургия, машина құрастыру, ауылшаруашылығы, химия өнеркәсібі секілді экономиканың шикізаттық емес секторында серіктестікке шақырды. 

МАРСИЯ ФАВАЛЬ, АҚШ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ, ҚАРЖЫ САРАПШЫСЫ:

 - Бұл форум Қазақстан мен АҚШ президенттерінің тарихи кездесуінің жалғасы болып табылады. Ол мұндай тиімді серіктестікке жаңа серпін берді. Қазақстан бәрімізге шабыт береді. Біз, инвестициялық әлемнің өкілдері сіздердің инновациялық реформаларыңызға тәнтіміз. Қазақстан экономикаға цифрландыруды енгізіп, адами капиталды дамытуға басымдық беріп, экономиканы әртараптандыруға көшуде.

Құрама Штаттарының іскерлік саласының өкілдері «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысымын ескере отырып, Қазақстанда бизнесті дамыту мүмкіндіктеріне қызығушылық білдірді. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысының бұрынғы көмекшісі және елдің ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің құрылымдарының бірінің директоры Дэвид Меркель өзара қарым-қатынастың болашағы мен тиімділігі жөнінде айтты.

ДЭВИД МЕРКЕЛЬ, АҚШ АТЛАНТИКАЛЫҚ КЕҢЕСІ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - АҚШ-тың халықаралық қатынастар жөніндегі Кеңесі Қазақстан делегациясымен болған бұл кездесуді маңызды деп есептейді. Форумға қатысқан америкалық кәсіпкерлер Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктер мен жекешелендіруге байланысты қызығушылық білдірді. Бүгін сіздерде бизнес жүргізу жөніндегі идеялардың тартымдылығына көз жеткіздік. Бұл Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық серіктестік үшін позитивті аспект болды. Көптеген ірі компаниялардың сіздердің елдеріңізде өте жақсы жұмыс тәжірибесі бар. Бүгінде компанияның мұнай-газдан өзге салаларда да жаңа серіктестіктер үшін мүмкіндік туды.

Сарапшылардың айтуынша, америкалық ірі корпорациялар энергетика, транспорт, ақпараттық технология және сауда салаларында іскерлік қатынастарды кеңейтуге мүдделі.