Қазақстан-Ұлыбритания: Сауда-экономикалық қатынастар

Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас мәселелері заң тұрғысында талқыланды. Кездесуде Британ-Қазақ қоғамының және Британ-Қазақ құқық қауымдастығының мүшелері, сондай-ақ шақырылған қонақтар Қазақстанның жекешелендіру бағдарламасын әңгіме өзегіне айналдырды. Отандық компаниялардың Лондон қор биржасына шығу мәселесі және Ұлыбританияның Қазақстандағы инвестициялық іс-қимылы аясында Кипр юрисдикциясын пайдалану туралы сөз болды.

РАШИД ҒАЙСИН, БРИТАН-ҚАЗАҚ ҚҰҚЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 -  Бұл – ел дамуы үшін өте маңызды. Қазақстан және Ұлыбритания елдерінің кәсіпқой заңгерлері арасындағы байланыс одан әрі нығайған сайын републикамыздың құқығы мен құқық жүйесі өркендей береді деп ойлаймын. 

Жалпы Қазақстан Республикасы төл экономикасын әртараптандырып, жеке секторды нығайтуға бағыт алғаны белгілі. Британиялықтар кеңес беру ісінде трансферттер көмегімен игерілген тәжірибеге сүйене отырып,  инфрақұрылым, энергетика, тау-кен қазу өнеркәсібі және басқа да салалар бойынша қолдауға дайын екендіктерін айтады.

РОС ЛАНД, ҰЛЫБРИТАНИЯ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САУДА ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ МАМАНЫ:

-  Қазақстан және Ұлыбритания бұрыннан тығыз байланыста. Біз алғашқылардың бірі болып, тәуелсіздіктеріңізді мойындадық және бұл арадағы достығымызды нығайтты. Біз сіздермен бизнес жасауды жалғастыруға әзірміз. 

Тек 2016 жылы Ұлыбритания елі Қазақстанға жалпы сомасы 5,5 миллиард стерлинг фунтын құрайтын тауар және қызмет түрлерін экспорттаған. Ал Қазақстан Республикасы болса, Біріккен Корольдікке 640 миллион фунт көлемінде тауар тасымалдап, қызмет көрсеткен. Қос тараптың да бұл цифрларды бірнеше есеге ұлғайтуға деген құлшынысы ерекше.