Қазақстанда ауыл шаруашылық техникасын құрастыратын жаңа зауыт салынады

Қазақстанда ауыл шаруашылық техникасын құрастыратын жаңа зауыт салынады. Өндіріс ошағының құрылысы мен оны жолға қою ісін Қытайдағы ауылшаруашылығы мен құрылыс техникасын өндіретін ең ірі компаниялардың бірі қолға алмақ. Зауыт Қостанай облысында орналаспақ. Қазақстан тарапы бүгінде қытайлық серіктестерімен тиісті келіссөз жүргізіп қойды. Инвесторлар қазақ жеріндегі бірлескен жобаға 30 миллион доллар қаржы жұмсамақ. Біздің елде өндірілетін тракторлардың алғашқы легі нарыққа келер жылы шығуы тиіс.

ЧЖУВЭЙ ЦЗЯН, КОМПАНИЯНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

-  Қазақстан қазір инвестиция тартуға барлық жағдай жасап отыр. Бұл жобаның табысты әрі тиімді болатынына сенімдімін. Өйткені ауылшаруашылығы техникасын сататын ауқымы кең нарық көріп отырмыз. Бұл бізге үлкен мүмкіндік береді. Өнімдерді Еуразиялық экономикалық одақтың елдеріне шығарамыз.

Осыған дейін қытайлық компания Қазақстанда дистрибуция жасаған. Яғни, біздің елде өз өкілдігін ашып, ауыл шаруашылығы техникаларын сатып көрді. Бұл жұмыстың нәтижесі қытайлық тракторларға деген сұраныстың жоғары екенін көрсетті. Бұдан соң компания техниканы Қазақстанда құрастырған тиімді деп шешті.

АНДРЕЙ ЛАВРЕНТЬЕВ, АГРОХОЛДИНГ ӨКІЛІ:

 - Менің ойымша, бұл ауқымды жоба. Әңгіме тек Қазақстан ғана емес, бүкіл Еуразиялық экономикалық одақ жайында болып отыр. Яғни, біздің қытайлық серіктестер басқа нарыққа да қызығушылық танытты. Сондықтан жоба Қазақстанның қажеттілігін ғана қамтамасыз етпейді, оның аумағынан басқа нарыққа да шығарылмақ. Мемлекет басшысы осы жайында жиі айтады,Үкімет те бізге осындай міндеттер қояды.

Жаңа зауыт болашақта Қазақстан мен Қытайдың бірлескен 51 инвестициялық жобасының тізіміне енгізіледі. Оған «Бір белдеу, бір жол» және «Нұрлы жол» қорлары қолдау жасап тұрады. Еліміздің экспорттық әлеуетін кеңейтуге және оны әртараптандыруға кәсіпорынның қосар үлесі зор болмақ.