Лондонда Қазақстанның жаңа инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды

Лондонда қазақстандық инвестициялық жаһан форумында еліміздің жаңа инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Шарада, сонымен қатар республиканың қарқынды дамып келе жатқан экономикалық секторларының болашағы да талқыланды. Қазақстандық тарап әлеуетті инвесторлар ел экономикасын әртараптандырып, жаһандық жүйемен интеграциялануға қажет технологиялар мен бизнес жүргізудің тың тәсілдерін әкелетіндігіне сенім білдірді.

АРЫСТАН ҚАБЫКЕНОВ, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

 -  Британиялық компанияларға еліміздегі мол мүмкіндіктер мен Қазақстанға қаржы құюдың тиімді тұстары айтылды. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар да кеңінен сөз болды.

САПАРБЕК ТҰЯҚБАЕВ, ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Қазір британиялық бизнес Қазақстанды басқа қырынан қабылдайды. Біріншіден, Doing business сараптамасына сәйкес аймақта біздің рейтингіміз өте жоғары. Оның үстіне Қазақстан арқылы Қытай, Орталық Азия, Ресей сынды ірі нарықтарға жол ашылады.

Форумға өңдеу, ауыл шаруашылығы, химия, тау-кен өнеркәсібі және қаржы секторы, сондай-ақ металлургия, баламалы энергетика, логистика және цифрлық технологиялар бағытында табысты жұмыс істеп келе жатқан 200-ден астам компанияның басшылары қатысты. Форумда «Астана» халықаралық қаржы орталығы да назардан тыс қалмады. Жаңа мекеме ағылшын құқығы нормалары негізінде жұмыс істейтіні белгілі.

БАРОНЕССА ЭММА НИКОЛСОН, ҰЛЫБРИТАНИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ҚАЗАҚСТАН БОЙЫНША САУДА ӨКІЛІ:

 - Әлем қазір Қазақстан туралы бұрынғыдан да жақсы біледі. Өйткені бүгінде елді танытуға бағытталған керемет жарнамалар жүріп жатыр. Кең көлемді инвестициялық мүмкіндіктер бизнесмендерді қызықтырмай қоймайды әрине. 

 - ДЖОН КЭМПБЕЛЛ, ABERDEEN STANDARD INVESTMENTS КОМПАНИЯСЫНЫҢ ЖАҺАНДЫҚ ЖЕТЕКІШІСІ:

 - Біз «Бір белдеу, бір жол» бастамасының Қазақстан үшін қандай нәтиже беретінін білгіміз келеді. Сондықтан қазақ еліндегі жобаларға инвестиция құюға әзірміз.  

Бүгінгі таңда Біріккен Корольдік – Қазақстандағы ірі инвесторлардың бірі. Тәуелсіздік жылдары ішінде Британия Қазақстанға 13 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржы құйған.