Қазақстан ДСҰ инвестицияларға қолдау көрсету бастамаларын қолдайды

Қазақстан ДСҰ инвестицияларға қолдау көрсету бастамаларын қолдайды

Болашаққа жасалған инвестиция. Заманауи өмірдегі экономикалық өсімді ұлғайтудың ең пәрменді тәсілі – бірлескен жобаларды іске қосу және әзірлеу. Қазақстан үкіметі ДСҰ инвестицияларға қолдау көрсету бастамаларын қолдайды. Айта кетейік, 164 қатысушыдан тұратын ұйым құрылған кезеңінен бастап мүше-мемлекеттер арасындағы сауда-саяси қарым-қатынастарды реттеумен ғана айналысты. Сарапшылар өндіріске бағытталатын әлеуетті инвесторларсыз және импорт пен экспорт көлемін арттырмайынша елдер арасында толыққанды сауда қатынасы орнықпайды деп есептейді. Сауда соғысы, кейбір мемлекеттердегі тұрақсыз экономика және өзге де факторлар әлемдік тауар айналымына теріс әсер етеді. Осындай келеңсіздіктерді тудырмау мақсатында ДСҰ мүше елдер инвестицияларды ынталандыру мен тартуда бірыңғай ережелерді әзірлеуді жоспарлап отыр. Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымының жанындағы тұрақты өкілінің айтуынша, инвестицияларға жәрдемдесу келісімі 2020 жылы Астанада ДСҰ-ның 12-ші министрлік конференция аясында қабылдануы мүмкін.

ЖАНАР АЙТЖАНОВА, ҚР ДҮНИЕЖҮЗІЛІК САУДА ҰЙЫМЫНЫҢ ЖАНЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

 - ДСҰ-ға мүше елдер инвестицияларды рәсімдеуді жеңілдету бойынша талқылаулар жүргізуде. Отандық және шетелдік инвесторлар үшін түрлі преференциялар болдырмау мақсатында бірыңғай бәсекелестік алаңдарын құру қажет. Түрлі преференциялардың болуы – бизнес ахуалдың күрделенуіне алып келеді. ДСҰ келісімдері аясында қабылданған бірыңғай ойын ережелеріне қол қойған елдер бұл келісімді орындауға міндетті.