«Нұр жолы» өткізу пункті ашылды

«Нұр жолы» өткізу пункті ашылды

Қазақстанның транзиттік әлеуетін кеңейтуге Қытаймен шекарада ашылған «Нұр жолы» өткізу пункті өз үлесін қоспақ. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінде орналасқан бұл өткелдің күніне 2500 автокөлік өткізе алатын әлеуеті бар. Соның 2300-і жүк көлігі болса, қалғаны жолаушы тасымалдайтын автобустар мен жеңіл көліктер болады деп күтілуде. Болашақта бұл көрсеткіштің екі есеге дейін арта түсуі мүмкін. Мемлекеттік-жеке әріптестік негізінде салынған жаңа нысанның құрылысына 70 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсалды.

ВАЛЕРИЙ ФЕДОТОВ, ЖҮРГІЗУШІ:

-  Мен жұмыс барысымен әлемнің көптеген елдерінде болып жүрмін. Бұрындары Қазақстан-Қытай шекарасынан жүк алып өту үшін тәуліктеп тұрған кезіміз аз болған жоқ. Ал мына жаңа терминалда бәрі өте тез екен. Қызмет көрсетулері де ұнады.

«Нұр жолындағы» шекарадан өту уақыты бар болғаны 30-40 минутқа дейін созылуы мүмкін. Бұл өз кезегінде көлік ағыны мен еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға тың серпін береді. Ультразаманауи көлік-логистика орталығының аумағы 25 гектар жерді алып жатыр. Онда кедендік рәсімдеу орталығы мен 200 жүк көлігіне арналған автотұрақ және бірнеше жүк сақтау қоймасы орналасады.

ІЛИЯС ЖАЙЛЫБАЕВ, ЖЕКЕ СЕРІКТЕС:

 - Көлік-логистика орталығы іске қосылып жатқан 14 қызмет түрін көрсетеді. Ол барлық көлік-логистикалық және кедендік қызмет көрсетеді. Бұл қызметтердің бәрі бір терезе арқылы іске асады. Бірінші кезеңде 3,5 мың шаршы метр қоймалар салынды. Келесі екінші, үшінші кезең бар, осы соңғы кезеңде 140 мың шаршы метрге дейін үлкейеді.

«Нұр жолы» өткізу пункті мен жаңа көлік-логистика орталығы – ТМД-дағы ең үлкен нысандардың бірі. Ал техникалық жарақтандырылуы мен көлік өткізу жылдамдығы және бақылау жүйесі жағынан әлемде оның еш баламасы жоқ. Сондықтан жаңа заманауи көлік-логистика орталығының болашағы өте зор. Біз өз кезегімізде оның жұмысын жандандырып, әлеуетін арттыруға барынша күш саламыз. Өйткені бұл жерден болашақта жыл сайын 18 миллион тонна жүк өтеді, - дейді мамандар.