Түркістан: Инвестициялық тартымдылық

Түркістан: Инвестициялық тартымдылық

Қазақстан – Орталық Азия елдерінің арасында ең қолайлы инвестициялық климат қалыптастырып отырған мемлекет. Аймаққа тартылған инвестқаржының 70 пайызы біздің елімізге тиесілі. Үстіміздегі жылдың алғашқы 6 айында ғана аса ірі инвесторлармен бірлесе 69 жаңа жобаны іске асыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілген. Оның 10-ы – Қытай, Түркия, АҚШ, БАӘ, Ұлыбритания және Еуропалық Одақтың мультиұлттық компаниялары. Қазақстанда іс жүргізуге жасалған қолайлы жағдайлар туралы Түркістан өңірінде өткен халықаралық және туристік форумда тағы бір айтылды. Онда облыс экономикасына қаржы құюға ниет білдіруші инвесторлармен түрлі жоба жеке-жеке талқыланды.

ЗАЙНУЛ АЗИЗАН, NAGASTEELEQUIPMENT SDN.BHD КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

-  Бізді баламалы энергия көздеріне қатысты жобалар қызықтырады. Қазақстан жел, күн энергиясына өте бай ел. Жел энергиясы бойынша жобамды алып келіп отырмын. Шымкент қаласында жақында кеңсемізді аштық.

ЮНУС ЭМРЕ СУДЖУ, DOGUSCONSTRUCTION КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

-  Біздің компания инфраструктуралық жобалармен айналысады. Алматыда бетоннан жасалған жол салдық. Түркістан облыстық транспорт басқармасымен келісім жасалды. Оған сәйкес Шардара ауданында 41 шақырымдық автожол саламыз. Сондай-ақ біздің компания облыста бой көтеретін халықаралық әуежайдың құрылысына қызығушылық танытып отыр.

Бүгінде инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін инвестициялық субсидия қарастырылған. Салықтық және кедендік жеңілдіктер де бар. Одан өзге индустриялық экономикалық аймақта жер телімдері дайын инфрақұрылыммен беріледі.

ДЕМИРЖАН КОСЕ, DALHOLDING КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

-  Кентау қаласында 200 гектар аумаққа жылыжай саламыз. Басты жоспарымыз осы. Оңтүстік өңірінде ауа райы қолайлы, жылдың төрт мезгілінде дебау-бақша өнімдерін өсіруге мүмкіндік бар. Дайын өнімдерді алыс-жақын шетелге жөнелтеміз.

Шетелдік инвесторлар экономиканы әртараптандыруға да әзір. Мәселен, малайзиялық компания облыста баламалы энергетиканы дамытумен қатар, тамақ өнеркәсібін қатар алып жүруге дайын. Жалпы бизнес-форумның қорытындысы бойынша, құны 2 млрд доллардың 19 меморандумы бекітілді. Ирандық іскерлер мұнай өңдеу зауытын салмақ, ал ресейліктер жылыжай шаруашылығын дамытады, қытайлық инвесторлар электробустар өндірісін жолға қоюға әзір. Ал Араб Әмірліктерінің іскерлерін туризм қызықтырады.