Испан инвесторлары Қазақстанда қоқысты қайта өңдейтін зауыт желілерін құрмақ

Қазақстан экономикасына 6,5 миллиард доллардан астам қаржы инвестицияланған. Еліміздің Ұлттық банкі 2018 жылдың 1 тоқсанына дәл осындай дерек келтіріп отыр. Қалтасы қалың инвесторлардың қатарында Нидерландының шоқтығы биік, бұл ел осы жылы 2 миллиард доллардан жоғары қаражат құйса, АҚШ инвесторлар үшін қолайлы аймақ қалыптастыра білген Қазақстанға 1,5 миллиард қаржы бағыттаған. Екіжақты тиімді қарым-қатынас құра білгендердің қатарында біз үшін басты қаржы ойыншысы Ресей мен Қытай да бар. 

Испания елі де Қазақстан нарығына қадам басты. Екіжақты әріптестікті дамытуда машина құрастыру, энергетика, транспорт саласы мен трансферт технологиясы басымдыққа ие болып отыр. Жуырда ғана Астанада екі елдің кәсіпкерлері жаңа инвестжобаларды талқыға салған болатын. Тараптар бірқатар меморандумдарға қол қойып та үлгерді. Нәтижесі – Қазақстанда қоқысты қайта өңдеуден өткізетін зауыт желілері құрылатын болды. Испан компаниясы ұсынған заманауи технология қоқысты өңдеу арқылы одан газ өндіруге де мүмкіндік береді. Жобаның жалпы қуаттылық құны – 150 миллион доллар.

АДИЛЬ УТЕМБАЕВ, ҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ЕНГІЗУ ЖӨНІНДЕГІ КОМПАНИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Бұл технологияның әрбір аймаққа қажеттілігін дәлелдеу үшін, морфологиялық сараптама жүргізу қажет. Ол өндіріс қуатын анықтау үшін қажет, сараптама жасауға жарты жылдай уақыт жұмсалуы мүмкін, себебі, мұны көктем және күз айларында жүргізу керек. Біз техникалық экономикалық негіздеме жасақтау ісі келесі жылдың наурыз айында басталып, сол жылдың соңына дейін зауыттың пилоттық жобасы дүниеге келеді деп есептейміз.