Қазақстан Дүниежүзі сауда ұйымында

2020 жылдан бастап шетелдік банктер Қазақстанда өз филиалдарын ашу мүмкіндігіне ие болады. Бұл еліміздің Дүниежүзі сауда ұйымына енуінің нәтижесінде жүзеге асады.  Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан ұйымға 2015 жылы мүше болған еді. Осыған байланысты Астанада Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылу жөнінде VII жиын өтті.

ЖАНАР АЙТЖАНОВА, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДСҰ ЖАНЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

 - 2020 жылы 5 жыл уақыт мерзімі аяқталады. Осы кезеңнен бастап, біз шетелдік банктер мен филиалдарына өз кеңселері мен көрсететін қызмет түрлерін елімізде ашуға рұқсат етеміз. Бұл қаржы секторында айтарлықтай бәсекелестік тудырады деп үміттенеміз. Сонымен қатар бизнесте көрсетілетін қызмет түрлерінің сапасына, қызмет көрсету шарттарына оң ықпалы болады деп ойлаймыз.

Мұндай кездесулер кезінде қатысушы елдер Дүниежүзілік сауда ұйымы ынтымақтастығы шеңберінде Еуразияның келешегін талқыға салады. Сондай-ақ тәжірибе алмасып, интеграцияның максималды ықпал ету жолдарын іздейді.

АЛАН ВУЛФ, ДСҰ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАР:

-  Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру үшін Грузия, Қазақстан мен Ресей Федерациясына көп уақыт қажет болды. Интеграцияны дамыту тек іштегі арнайы ережелер мен үлгілер қалыптастырылығанда ғана жүзеге асады. Стратегиялық әріптестік, инвестициялық қолайлылық тұрғысынан да мемелекеттердің мүмкіндігі тезге салынады. Ашық теңізге тікелей жолы жоқ мемлекеттер үшін жаһан саудасын реттеп, тауар айналымын бақылап отыратын ұйымның мүшесі болу өте маңызды.

Қазақстанның Дүниежүзі сауда ұйымына қосылуы жайлы келіссөздер бірегей болып келеді. Ол кезде біздің ел кеден одағы шеңберіндегі ынтымақтастық мәселелерін мақұлдаған еді. Нәтижесінде, Қазақстан Республикасын сауда саясатын халықаралық құқыққа сәйкес жүргізетін, инвестициялық климаты қолайлы ел ретінде мойындады.

МАКСИМ МЕДВЕДКОВ, РФ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ЖӘНЕ САУДА МИНИСТРЛІГІНІҢ САУДА КЕЛІССӨЗДЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫ:

 - Ұйымға қосылу, заңнаманы өңдеу секілді сұрақтарды талқыладық. Сонымен қатар Кедендік Одақ құру кезіндегі барлық туындаған мәселелерді бірге шешіп, ДСҰ-на таныстыруды бірге ойластырдық. Себебі, бұл кезде бірыңғай кедендік тарифтерге көшіп жатқан едік. Осы мәселелерді біріктірудің амалдарын іздеп, шешімін таптық. Нәтижесі де оң бағаға  лайық.

Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі отандық өнімнің экспорттық әлеуетін ұлғайтуға ықпал ететін болады. Қазақстанда әлем нарығына ұсынатын тауарлар мен өнімдер түрі жеткілікті. Бұл негізінен, азық-түлік, тау-кен өндірісі, машина жасау, мұнай өнімдері. Сонымен қатар басымдық берілетін салалардың бірі – ауыл шаруашылығы өнімдері болып отыр.