Қазақстандық локомотивтер экспорты

Қазақстанда шығарылған заманауи электровоздар Әзербайжан теміржолдарында жүйткіп жүр. Келісімшарт бойынша, отандық зауыт бұл елге жалпы саны 10 жолаушы және 40 жүк локомотивін жөнелтуі тиіс. Елімізде жасалған  техниканың сапасына Әзербайжан мамандары жоғары баға беріп отыр. Заманауи электровоздар елдегі теміржол тасымалының көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік берері сөзсіз.

ЯДИГАР ШИРМАМЕДОВ, БАКУ ЛОКОМОТИВ ДЕПОСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

-  Бұл электровоздарды жақында Қазақстаннан әкелді. Қазір оларды тексеріп жатырмыз. Бұрынғылардан айырмашылығы – қуатты аз жұмсап, көбірек вагон тарта алады. Өте үнемді электровоздар. Машинистің кабинасы заманауи құралдармен жабдықталған.

Жолаушы локомотив сағатына 160 шақырым жылдамдықпен жүруге қауқарлы. Модульдік дизайнына орай ол өте берік. Аз сынатындықтан, пайдалану кезіндегі шығыны да көп емес. Оларды игеру үшін машинистер арнайы оқудан өткен.

ВАГИФ МУСАЕВ, МАШИНИСТ:

-  Бұрынғы локомотивтердің жылдамдығы сағатына 100 шақырым болған. Ал жаңалары 160 шақырым жылдамдықпен жүре алады. Сондай-ақ бұл локомотивтер екіжүйелі, тұрақты да, ауыспалы токтан да істейді.  Ескі локомотивтер 15 вагон тартса, бұған 25 вагон жалғауға мүмкіндік бар.

Осы локомотивтер Баку-Тбилиси-Карс бағытында да қолданылады. Қазіргі кезде олардың сынағы жүріп жатыр. Ал келесі жылдан бастап қазақстандық электровоздар ел аумағы мен шетелдерге де жолаушылар мен жүкті тасымалдай бастайды.