Елордада «Astana Bastau. Бизнес аумағы» инвестициялық және кәсіпкерлік форумы өтті

Бизнестің ауқымын кеңейту, сатылымдардың тиімді тәсілін қалыптастыру, инвестициялар тарту мен бизнесті цифрландыру. Заманауи трендтерге сай кәсіпкерліктің мүмкіндіктері Астанада өткен форумда талқыланды. «Astana Bastau» халықаралық бизнес алаңы 16 мыңнан астам қатысушының басын қосты. 

НҰРЛАН ЖАҚЫПОВ, ФОРУМ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ:

 - Бұл – алға жылжуға, бизнес пен  идеяларды жүзеге асыруға ынталандыратын форум. Мұнда табысқа жеткен қазақстандықтар мен халықаралық деңгейдегі білікті мамандар өздерінің өткен жолдары жайлы сөз қозғайды. Форумға тіркелген кәсіпкерлер осы саладағы ноу-хаумен таныса алады. Нетворкинг, бизнесті цифрландыру, маркетинг, өнімді онлайн сату, таныстыру мәселелелері айтылады.

Тегін білім беру жобасы Қазақстан, Ресей, ТМД елдерінің үздік бизнес көшбасшыларының басын қосты. Олардың қатарында нетворкинг жөніндегі жетекші сарапшы Гил Петерсил де бар. Оның айтуынша, форум Қазақстандағы бизнестің даму қарқынын аңғартады.

ГИЛ ПЕТЕРСИЛ, НЕТВОРКИНГ ЖӨНІНДЕГІ САРАПШЫ:

 - Қазіргі уақытта Қазақстанда кәсіпкерлік пен бизнес дәуірі десем болады. Олардың бәрі халықаралық нарыққа шығуға мүдделі. Сондықтан мен адамдарды серіктестік байланысты қалай орнату керектігіне үйретемін.

2 күндік форум қатысушылары жетекші сарапшылардың тәжірибесін ғана үйренумен шектелген жоқ. Сондай-ақ болашақ кәсіпкерлер өз істерін дамыту үшін стратегиялық жоспар құруға да үйренді. Шара ұйымдастырушылары мұндай кездесулерді дәстүрге айналдыруды жоспарлап отыр.