Бейжіңде Қазақстан мен Қытайдың индустриялық-инвестициялық әріптестігіне арналған шара өтті

Бейжіңде Қазақстан мен Қытайдың индустриялық-инвестициялық әріптестігіне арналған шара өтті. Шетелдік инвестициялардың 10-шы жәрмеңкесі аясында Қазақстан екінші рет екі ел арасындағы ынтымақтастыққа арналған сессия ұйымдастырды. Мұнда іскер топ өкілдері елімізде инвесторларға жасалған жеңілдіктермен танысып, еркін экономикалық және индустриялық аймақтардағы мүмкіндіктерге көз жеткізді.

ҚУАНЫШ АМАНТАЙ, ИНВЕСТИЦИЯЛАР ТАРТУ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯНЫҢ ҚЫТАЙДАҒЫ БАС ӨКІЛІ:

 - Осындай дүниежүзілік деңгейде, халықаралық деңгейде бәсекелесуге мүмкіндігі бар қытайлық компанияларды Қазақстандағы басым беретін салаларға, инвестициялық жобаларды бірге іске назар аудартып, олардың қызығушылығын білдіру.

Кәсіпкерлерге «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысы таныстырылып, оған қатысушылар үшін арнайы жасалған заң құзыреті, жеңілдіктер мен артықшылықтар жайында баяндалды. Жаңа қаржы ұйымының алаңында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Сонымен қатар сессияда Қазақстанда сәтті жұмыс істеп жатқан қытайлық кәсіпкерлер де баяндама жасап, өз тәжірибелерімен бөлісті. 

ЯН ЦЗИЕ, ТҮЙЕ СҮТІН ӨНДІРЕТІН КОМПАНИЯНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Өндірістік әріптестік аясында өткізілген бұл шара Қытай мен Қазақстан кәсіпорындары арасындағы көпір болды деп айтуға болады. Біз қазір Түркістан облысында түйе сүтін өңдеп, құрғақ ұнтақ шығаратын зауыт салып қойдық. Жыл соңында толықтай іске қосылады. Онда 80 адам жұмыспен қамтылады. Өнімді Қытайға шықарсақ дейміз.

Бүгінде Қазақстанда негізінен минералды ресурстар, көліктік және өндірістік инфрақұрылым бойынша ірі жобалар жүзеге асырылған. Сондай-ақ ауылшаруашылық шикізатын қайта өңдеу мен тамақ өнеркәсібі бойынша қазақ-қытай бірлескен кәсіпорындары құрылған. Олардың дайын өнімдерін Қытай нарығына шығару бойынша жұмыс жүргізілуде.