Қазақстан-Қытай: Тауарайналым 13% артты

Қытай – Қазақстанның сауда саласындағы негізгі әріптестерінің бірі. Екі ел арасындағы тауар айналымы биылғы жарты жылдықта 13% өсіп, 8,7 миллиард АҚШ долларын құрады. Бейжіңде өткен халықаралық өндірістік форумда осындай дәйекті дерекпен дәлелдеген Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев екі ел арасында соңғы уақытта бірлескен ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр деді. Алдағы уақытта заман талабына сай, жалпы құны 27 миллиард доллар болатын өндіріс орындары іске қосылады. Сонымен қатар машина құрастыру, көлік-логистика және агроөнеркәсіп кешендері бойынша да бірнеше жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Қытай экономиканың өзге де салаларында бизнес ынтымақтастықты дамыта түсуге мүдделілік танытуда. 

ЦЗИЯНЬГУО ВЭН, ШАНЬДУН МЕДИЦИНАЛЫҚ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Бұл форумға қатысудағы мақсатым – серіктес қарастыруға келдім. Соның ішінде Қазақстан, Ресей елдерімен бірлескен дәрі-дәрмек өндіретін компания құруды көптен бері жоспарлап отырмыз. Бізде технология бар. Ал Орталық Азияның климаттық жағдайы дәрі-дәрмек өндіруге өте қолайлы. Биофармацевтикалық өнім Қытай ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақ нарығында да сұранысқа ие болады.