Қазақстаннан Украинаға 170 мың тонна көгілдір отын тасымалданған

Қазақстаннан Украинаға тасымалданатын сұйытылған газдың көлемі 12 есеге дейін артып, бұрын соңды болмаған рекордтық көрсеткішке жетіп отыр. Соңғы 8 айдың қорытындысы бойынша, республикадан Украина еліне 170 мың тоннадан артық көгілдір отын тасымалданыпты.

АРНҰР ТАҢБАЙ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ УКРАИНАДАҒЫ ТӨТЕНШІ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІЛІГІНІҢ КЕҢЕСШІ:

 - Украинаның сұйытылған газ нарығы өте үлкен, ол әр жыл сайын шамамен, 25-30% өсіп келе жатыр. Мысалға айта кететін болсақ, осы газдың түрін қолданатын автокөліктердің саны бойынша, Украина әлемде IV орында тұр. Сондықтан бұл нарық Қазақстан үшін өте маңызды. Біз Украинаға газ тасымалдауды көбейтіп жатырмыз. Басқа жағынан Украина өзі де осы газдың импортына өте тәуелді мемлекет болғандықтан, Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі.

Бүгінде украиналық автоәуесқойлар қазақстандық өнімді бағалап үлгерген. Сарапшылар экспортталатын отынның сапасы мен қолжетімділігіне баса назар аударуда.

СТАНИСЛАВ БАТРАЧЕНКО, ЕУРОПАЛЫҚ СҰЙЫТЫЛҒАН ГАЗ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:

 - 2018 жылдың 8 айында да Қазақстандық өнім тұрақты тасымалданды, бұл бізді қуантады әрі нарықтағы баға саясатын тұрақты ұстап тұруға сеп.  Отын нарығының операторы ретінде өнімнің сапасы тамаша деп баға бере аламын.  Газ еуропалық EN 589 сапасына сай және қолдануға тиімді, пропанды тұрмыста тұтынатын халыққа бөлек, бутанды автокөлік үшін бөлек жаратуға болады.

Қазіргі күні қазақ газының Украина нарығына тасымалданатын импорттық үлесі 30% құрайды. Қазақстаннан Украинаға өнім жеткізетін кәсіпорын, трейдерлердің саны 10-ға жетеді. Сала мамандары жыл соңына дейін Қазақстаннан Украинаға тасымалданатын сұйытылған газдың көлемі 200 мың тоннадан артады деп болжайды.