Мюнхенде Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды

Мюнхендегі Экономика күнінде Қазақстан аймақтарының инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Атырау, Қостанай мен Алматы облыстары Баварияда өз экономикалық  әлеуетін паш етті.  Делегация мүшелері әр аймақ бойынша қандай жобалар өзекті және қандай салаларға басымдық берілетінін баяндап, неміс бизнесін ынтымақтастыққа шақырды.

УЛЬФ ШНАЙДЕР, КОМПАНИЯНЫҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

-  Аймақтардың  ерекшеліктерін көрсеткені маған өте ұнады. Сондай-ақ әдемі фотосуреттердің жөні бөлек болғаны рас. Бұл жұрттың есінде жақсы сақталады. Біздің компанияның Қазақстан нарығында жұмыс істегеніне 10 жылдан асты. Елдеріңіздің болашағы зор және мақсаты айқын.  «Қазақстан 2050» бағдарламаларыңыз – болашаққа деген нақты қадам. Және ол нақты орындалып жатыр.

Қазақстанға инвестиция тарту жөніндегі ұлттық компанияның өкілдері қатысушыларға елімізде бизнес жүргізудің шарттары, салық преференциялары жөнінде түсініктеме беріп, Қазақстанға инвестиция құюдың тиімділігін баяндады.

МАРАТ БІРІМЖАН, «ҚАЗАҚИНВЕСТ» ҰК БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Қазақстан арқылы 500 млн халықтан тұратын нарыққа жол ашылады. Яғни біз Еуразиялық экономикалық одақтағы 180 млн халқы бар нарықты, Орталық Азиядағы 57 млн  халық пен Қытайдың батысында тұратын 300 млн адамды қамти аламыз.

КРИСТИАН ШАРЛАХ, ШЕТЕЛДІК КОМПАНИЯ ӨКІЛІ:

-  Біздің инвестиция үшін ең маңыздысы – елдің тұрақтылығы. Фирмамыз Қазақстан нарығында 2010 жылдан бері  жүйелі жұмыс істеп келеді. Осыдан 2 жыл бұрын елдеріңізге инвестициямызды екі есе арттырдық және болашақта өз кәсібімізді кеңейтуді көздеп отырмыз. Неміс технологияларын елдеріңізге әкеліп, өндірістің тиімділігін арттырмақ  ниеттеміз.

Форум қорытындысы бойынша, отандық кәсіпкерлер ауыл шаруашылық пен цифрландыру салаларында жұмыс істейтін компаниялармен 3 меморандумға және Шығыс-Батыс ұйымымен экономикалық ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойды.

БОЛАТ НҮСІПОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ГЕРМАНИЯДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

-  Бавариямен маңызды 3 құжатқа қол қойылды. Бұл біріншіден, бізге бавариялық компаниялармен белсенді жұмыс істеп, Қазақстаға инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Екінші құжат агроғылымды дамытуға, ал ең маңыздысы Баварияның ғылыми-зерттеу институттарын бірлескен жобаларға жұмылдыруға жол ашты. Ал үшінші құжат цифрландыруға қатысты.

Сонымен қатар қазақстандық делегация неміс компанияларының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. Бавария кәсіпкерлері өз қызуғышылықтарын жасырмай, Қазақстанға құятын инвестиция көлемін арттыруға және кәсіптерін үлкейтуге дайын екендіктерін  білдірді.